Балалар жылында отандық мектептерде педагог-ассистенттердің саны екі есе өсті

512

Ол үшін мектептердің штаттық кестесіне педагог-ассистенттердің жаңа штаты енгізілген.

Балалар жылында отандық мектептерде педагог-ассистенттердің саны екі есе өсті

Олардың саны 700-ден 1 454 маманға дейін өсті, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

"Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білім алуына қажетті жағдай жасау үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған дейін министр Асхат Аймағамбетов осындай штат енгізуді тапсырған болатын. Енді бір жарым мыңға жуық педагог-ассистент ерекше балалар оқитын мектептерде жұмыс істеп жатыр. Бұл мұғалімнің өзін алмастыра алмайды. Десе де педагог-ассистенттер ерекше рөл атқарады, олар балаларға бағыт беріп, оқу үрдісіне бейімделуге көмектеседі. Біз ерекше қажеттілігі бар балалар туралы айтып отырғандықтан, мысалы, егер бала өздігінен қозғала алмаса, онда педагог-ассистенттер техникалық көмек көрсетеді. Не болмаса балаға дефектологтың көмегі қажет болса, педагогикалық қолдау көрсетеді", – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Сонымен қатар педагог-ассистент ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жеке білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. Қажет болған жағдайда оқу бағдарламалары оқушылардың қажеттіліктеріне қарай бейімделеді. Педагог-ассистенттер өткен материалды меңгеруге көмектесіп қана қоймай, ерекше баланың дағдыларының даму деңгейін де бақылайды. Сондай-ақ олар ерекше білім алуды қажет ететін балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қажетті жағдайлардың сақталуын қадағалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу