Балаларды зорлаған қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айыру ұсынылады

454

Балалар қауіпсіздігін күшейту мақсатында Қылмыстық кодекске бірқатар өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.

Балаларды зорлаған қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айыру ұсынылады Фото: inbusiness.kz

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жаңа заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz. 

Оның айтуынша, заңнамада балаларға қатысты күш көрсету мен қатыгездік көрсетуге байланысты әрекеттердің барлық нысанын қамтитын, олар үшін жауапкершілікті көздейтін жекелеген баптар жоқ. 

Балалар омбудсмені оның шешімі ретінде Қылмыстық Кодекстің 140-бабының нормаларын қайта қарап, жазаны қатаңдату арқылы "Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық" деп аталатын жаңа бап енгізуді ұсынады.

Бұдан бөлек балаларға қатыгездікпен байланысты әрекеттер жасағандарға міндетті психологиялық көмек курсын енгізу де ұсынылып отыр.

"Кәмелетке толмағандарға қатысты физикалық зорлық-зомбылық және қатыгездікпен байланысты қылмыстар үшін тараптардың татуласуын болдырмау керек. Сондай-ақ бас бостандығын шектеуді алып тастау арқылы жазаны қатаңдатып, жауаптан бұлтарып кетпеуді қамтамасыз ету қажет", - деп жазды балалар омбудсмені.

Динара Зәкиеваның сөзінше, қазіргі таңда балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қол сұғушылық жағдайлары жиілеп кетті. Алайда Қылмыстық кодексте бұл үшін арнайы бап қарастырылмаған. Сол себептен мұндай бапты енгізу және ол бойынша пробациялық бақылауды тағайындау ұсынылып отыр. 

Бұдан бөлек заң жобасын әзірлеушілер жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы керек деп есептейді. 

Бұдан бөлек балаларға қарсы қылмыс жасаған күдіктіні тергеу кезінде қамауда отырғызу ұсынылады.

"Бүгінде зорлық-зомбылық құрбандары болған балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасы жоқ. Олардың ата-аналары адвокаттарды, заңгерлік кеңес пен психологиялық көмекті өздігінен іздейді. Зорлық-зомбылық, қатыгездік, буллинг жасалған кәмелетке толмағандарға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі уәкілетті органның құзыретін енгізу ұсынылады", - деп жалғастырды Динара Зәкиева.

Сондай-ақ балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялауды енгізу, мұндай мекемелерді тексеруге мораторийді алып тастау да көзделіп отыр. Қоғамдық көлікте ересектердің қарауынсыз болған балаларды түсіріп тастауға тыйым салу да ұсынылады.

Бұдан бөлек заң жобасында балалар инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қарастырылған.

"Қыркүйек айында үкіметтік емес ұйымдармен, жұртшылықпен заң жобасын талқылау жоспарланып отыр. Содан кейін Үкіметтің қорытындысына, сараптамаға жіберіліп, Мәжілістің жұмыс топтарында талқыланатын болады", - деді Закиева.

Сонымен бірге балалар омбудсмені балаларды өгей әкесі тәрбиелеп отырған отбасыларды тексеру туралы Бас прокуратураның бастамасына қатысты пікір білдірді.

Оның сөзінше, профилактикалық іс-шаралар маскүнемдікпен байланысты немесе басқа да қолайсыз жағдайлар бойынша есепте тұрған отбасыларға ғана қатысты. 

"Бүгінде мұндай есепте 7 мыңға жуық отбасы тұр. Мұндай отбасыларда 12 мың бала бар", - деп жазды Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу