Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлім етті, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.
"Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Оның 4 мыңға жуығы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты. Бұл кітапханалардың 3-і – республикалық. Атап айтсақ, Алматыдағы Ұлттық кітапхана, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхана және Зағип жандарға арналған республикалық кітапхана. Сонымен қатар 300-ге жуық мекеме балалар мен жасөспірімдерге арналған", – деген Нұрғиса Дәуешов "Қазақстанның оқырман ұрпағы-2021" жалпы ұлттық акциясы туралы сөз қозғады.
"Науқанның жалпы мақсаты шығармашылық интеллигенция, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, мәдениет және спорт жұлдыздарын ұйымдастыру арқылы кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау. Акцияға байланысты арнайы жоспар құрылды. Оның аясында марафондар, челендждер өтеді. Тағы бір айта кететіні, Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық кітапхананы ашу мәселесі заңнамалық және қардылық тұрғыда пысықталуда", – деді вице-министр.
Құралай Құдайберген