Балалардың медициналық тексеруі цифрланады: ата-аналар нәтижені қосымшадан көре алады

271

Қазақстанда 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық медициналық тексеруден өткізу тәртібі жаңарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Балалардың медициналық тексеруі цифрланады: ата-аналар нәтижені қосымшадан көре алады Фото: ЖИ

Денсаулық сақтау министрі тиісті бұйрыққа 17 тамызда қол қойған. Жаңа қағидалар 30 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Енді балалардың медициналық тексеруі цифрлық жүйелер арқылы жүргізіліп, ата-аналар нәтижелерді мобильді қосымшадан көре алады.

Тексеру кезінде баланың бойы, салмағы, қан қысымы өлшеніп, қажетіне қарай ЭКГ, қан мен зәр талдауы, пульсоксиметрия және басқа да зерттеулер жасалады. Сондай-ақ стоматолог, офтальмолог, невролог, ЛОР және өзге де мамандардың қарауы қарастырылған.

Дәрігерлер баланың физикалық, психикалық және жыныстық дамуын да бағалайды. 10 жастан бастап жыныстық даму деңгейіне, ал қыздардың 12, 14 және 16 жасында репродуктивтік денсаулығына ерекше назар аударылады.

Жаңа тәртіпте балаларға қатысты зорлық-зомбылық белгілерін анықтауға да басымдық берілген. Егер медицина қызметкерлері қатыгездік белгілерін байқаса, бұл туралы сол күні құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарға хабарлауы тиіс.

Тексеру қорытындысы бойынша әр бала денсаулығына қарай бес топтың біріне жатқызылады. Нәтижесінде қосымша тексерулерге, бейінді мамандарға немесе динамикалық бақылауға арналған цифрлық медициналық маршрут автоматты түрде қалыптастырылады.

Осылайша мектеп медицинасында бір реттік тексеруден баланың денсаулығын тұрақты цифрлық бақылау жүйесіне көшу көзделіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу