Павлодар облысында көрші елде мекендегі мектепке арнайы автобуспен қатынап, білім алатын балалар бар. Алайда соңғы бірнеше жыл бойы оларға арналған көліктер жаңартылмаған еді. Биылғы халықаралық балаларды қорғау күніне орай ескі көліктердің орнын жаңалары алмастырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ауылдық аймақтардағы мектептерге барлығы 46 автобус сатып алынды. Бүгінде оның 16-сы облыс орталығына жеткізіліп, мектептерге үлестірілді. Тағы 30 көлік білім беру мекемелеріне 1 қыркүйекке дейін беріледі.
Заманауи көліктер – америкалық зауыттың өнімдері. Мұнда балалардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлінген. Айталық, автобус есігі жабылмаса, техника орнынан қозғалмайды. Сонымен қатар, қауіпсіздік белбеулері, сөмкелерге арналған сөрелер, бейнебақылау камерасы бар. Тағы бір басым тұсы – қозғалысы шектеулі, яғни жүріп-тұруы қиын балалар үшін арнайы көтергіш қарастырылған. Қыста балалар дизель отынымен жүретін автобуста тоңып қалмас үшін көлік ішінде алты радиатор орнатылған.
Автобус кілттерін салтанатты түрде табыстаған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мектеп автобустарының паркі алғаш рет кең ауқымда жаңартылғанын атап өтті.
"Ескі көліктерді ауыстыру үшін 46 автобус сатып алынды. Жаңа 16 көліктің кілті Май, Успен, Шарбақты, Баянауыл, Тереңкөл, Ақтоғай, Павлодар аудандары мен Ақсу, Екібастұз қалаларына қарасты ауылдық аймақтарға берілді. Тағы 30 автобус оқу жылы басталғанға дейін жеткізілуі керек", - дейді өңірдің басшысы.
Сонымен қатар, балалардың облыс орталығы, басқа аудан-қалаларда өтетін мәдени, спорттық шараларға қатысуына қолайлы жағдай жасалды.