Жыл сайын ерекше қажеттілігі бар балаларға әкімдік тарапынан тәттілер үлестіріліп, сый-сыяпат жасалып жатады. Алайда биыл ақсулық балғындарға тарту етілген кәмпиттер көпшіліктің көңілінен шықпады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында тұратын, ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндер үшін мерекелік шара ұйымдастырылды. Жылдағы дәстүр бойынша оларға кәмпиттер берілді. Бұл күні жергілікті әлеуметтік қорғау бөлімінің тізімі бойынша барлығы 291 бала шақырылған еді. Бірақ мерекеге 174-і ғана келді. Олардың ата-аналары үйге келген соң тәттілер салынған пакеттерді ашып, көңілі түсті. Белгілі болғандай, кәмпиттердің көбінің мерзімі 2022 жылы өтіп кеткен.
"Берген тәттілері ағаш сияқты қап-қатты. Иісі де біртүрлі. Оларды жеуге мүлде келмейді. Соны неге алдын ала тексеріп алмаған? Мұндай сыйлықты қалай ғана балаларға беруге болады?", - деп ата-аналар шағымдарын әлеуметтік желі арқылы қарша боратып жатты.
Ал Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембинов кеткен олқылық үшін кешірім сұрап, кемшілікті жіберген жауапты қызметкерлерге шара қолданылатынын жеткізді.
Белгілі болғандай, Павлодар облыстық білім беру басқармасы Ақсу қаласының білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұловқа ескерту түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық шығарды. Өз кезегінде бөлім басшысы бар кінәсін мойындады.
"Бұл сыйлықтарды бізге ірі энергокомпания демеушілік аясында табыстаған еді. Олар соңғы 8 жыл аралығында осындай көмек көрсетіп келеді. Бұған дейін жұмыстарына қатысты мүлде сын болған емес. Сондықтан биыл да олардың ісіне еш күмәнім болған жоқ. Сыйлықтардың барлығын тексеріп алуым керек еді. Бұл олқылығымды мойындаймын", - деген еді Қайрат Смағұлов.
Айта кетейік, екінші күні-ақ 174 сыйлықтың барлығы ауыстырылып, Аяз ата мен Ақшақар жаңа сыйлықтарды әр баланың үйіне арнайы барып үлестірді.