Балаларын киіндіруге 500 мың теңге жұмсаған әйел оқу-құралдарының бағасына ашуланды

168

Қымбатшылық баланы мектепке дайындауға кедергі келтіреді ме?

Балаларын киіндіруге 500 мың теңге жұмсаған әйел оқу-құралдарының бағасына ашуланды Фото: Бейнежазбадан

Әлеуметтік желіде астаналық әйел бір баласын 80 мың теңгеге киіндіргенін айтты. А, бес баласын оқуға дайындауға 500 мың теңге кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Астаналық әйел шенеуніктер айтқандай баланы 45 мың теңгеге киіндіру мүмкін емес екенін алға тартты.

"Мерей сауда үйінде бренд киімдерді сататын Glassman, Oodji дүкендері, бәрі бар. Киімдерді сол дүкендерден алдық. Жалпы, менің 5 балам бар. Үшеуі мектепте, екеуі балабақшаға барады. Қазір тек 1 баламды ғана киіндіріп, 80 мың теңге жұмсадым. Жеңілдікпен аяқкиім және жейде, шалбар, 15 мың теңгеге белдік, галстук алдық. Ал жаңалықтарда шенеуніктен бір баланы 45 мың теңгеге киіндіруге болады дейді. Мұндай бағаларды қай жерден көруге болады. Мысалы, мен балама қырғыздың синтетикалық киімін әпергім келмейді", – дейді астаналық.

Сондай-ақ, ол 80 мың теңгенің ішіне кеңсе тауарларын қоспағанын айтты. Сөзінше, кеңсе тауарларын алуға жалпы 63 мың теңге жұмсапты.

"Кеңсе тауарларынан қалам, өшіргіш сынды заттарды алып қалып, келесі жылға жеткізуге болады. Дегенмен, киімге келейік. Олардың былтыр киген киімі биылға жарамайды. Мектепке баратын екі балам мен балабақшаға баратын балаларымды киіндіремін. Жалпы жарты миллион кетеді. Бір отбасына 500 мың теңге. Балаларды 40 мыңға киіндіріп, 20 мыңға кеңсе тауарларын сатып ала аласың деген жаңалықтағы бағаларды шенеуніктер қайдан алды? Олар қайда? Бұл қайдан келген статистика? Бұл өтірік қайдан шықты? Таңғалып отырмын, шынымды айтсам, жағамды ұстадым", – дейді әйел.

Сондай-ақ, астаналық кеңсе керек-жарақтарын ең арзан сауда орталығынан алғанын айтты. Бағасы 15% жеңілдікпен, 63 мың теңге шығыпты. 

Желі қолданушылары астаналық әйелдің шағымын қолдап, олар да балаларын мектепке қанша қаржыға дайындағанын айтты.

"Бәрі өте қымбат, бір қызымды 120 мың теңгеге, екіншісін 96 мың теңгеге киіндірдім. Ақшаны алдын ала жинадым”, “Түркияда мектептің керек жарақтары аяқкиім бағасын қоспағанда 40 мың теңге шықты”, “Мен үш баламды 500 мың теңгеге киіндірдім”, “Америкаға келіп көзіміз ашылып жатыр. 3 балаға 300 мың теңге кететін еді. Мына жақта не киім алмайсың, не кеңсе тауарларын алмайсың. Мұнда ноутбугы үйге бөлек, мектепке бөлек береді”, “6, 3-сынып оқитын екі балама 350 мың теңге кетті. Әлі күздік киім мен аяқкиім алмадым”, “Солтүстік Қазақстан облысында бірінші сыныпқа баратын ұлымды 250 мың теңгеге киіндірдім. Солтүстікте бәрі екі есе қымбат", – деді желі қолданушылары.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар балаларды мектепке дайындау үшін қанша қаржы жұмсағанын айтқан еді.

Еске салайық, Қазақстанда оқушылардың мектеп формасына қатысты петиция жарияланған еді. Ұсыныста оқушы қыздардың белдемшелерінің ұзындығына тізеден төмен болуы және сыртқы киімдерінің мойын сызығын жауып тұруы керек екені айтылған.

Петиция авторы елімізде міндетті мектеп формасын сақтау мәселелері үнемі талқыланып жатқанын, "мемлекеттің зайырлы негіздерін, Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті, конфессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында" кейбір ережелерді қайта қарау қажет екенін айтқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу