Балаларынан айырылған аналар үндеу жасады

874

Дәл 20 күн бұрын Ақтөбеде 17 жастағы екі бала пышақ жарақатынан қайтыс болған еді. 

Балаларынан айырылған аналар үндеу жасады Фото: kyzylzhar_aktobe парақшасынан скриншот

Оқиға облыс орталығына қарасты Қызылжар деп аталатын ауылда, дүкендердің бірінің дәл алдында болған.

Белгілісі, әлеуметтік желі арқылы сөзге келіп қалған жасөспірімдер мәселені кездесіп шешуге уағдаласқан. Полиция төбелеске қатысқандарды түгел анықтап, алты күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Қайтыс болған екі бала да колледжде оқыған.

Қайғылы оқиғадан 20 күн өткенде марқұмдардың аналары әлеуметтік желі арқылы үндеу жасады. 

"Мен қаскөйлердің қолынан қаза тапқан 17 жастағы Абзал Ақылжанның анасымын. Қазір күдіктілер анықталып, тергеу жүріп жатыр.Бүгінгі күні маған белгілі болғаны – қылмыстың орын алуына ресми ақпарат құралдарында айтылғандай екі топтың арасындағы кикілжің емес, қылмыскерлер тарапынан  ұзақ уақыттан бергі бопсалау негіз болған. Осы орайда істің мән-жайын жан-жақты, толық, обьективті тергелуін қатаң бақылауға алып, аса ауыр қылмыс жасағандардың әділ және заңды жазасын алуды қамтамасыз етуді сұраймын", - дейді Эльмира Халықова.

Қайтыс болған екінші бала - Оңдасын Сұлтанби  елдің атын асқақтатуды армандаған. Грэпплингтен "Спорт шеберлігіне үміткер" деген атағы бар, республикалық сайыстарда жүлде алған. Анасы Ботагөз Жайдақова баласының спортты ерекше жақсы көргенін айтады. 

"Енді ғана ер жетті, енді қызығын көреміз дегенде осындай жағдайға душар болдық. Қоғамға кесірін тигізіп отырған сұмдық іс.Сондықтан да кейінгілерге сабақ болуы үшін, қайталанбауы үшін қанышерлерге нақты, әділ жаза берілуі керек! Біздің жанайқайымыз жоғарғы өкілетті органдарға жетсе екен", - дейді ол.

Полиция департаменті 17 жастағы екі баланың өлімі бойынша қазір тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Ұсталғандардың екеуі қанды оқиғадан 3 күн бұрын ғана әсерден келгені белгілі болды. 

"Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99 бабы бойынша іс қозғалды.Бірнеше сараптама тағайындалды.Күдікті адамдар ұсталды.Қазіргі таңда олар қамауға алынды.Өзге ақпараттар тергеу құпиялығына байланысты жарияланбайды", - дейді Облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу