"Балаңның денсаулығын қойып тастайды": Шерзаттың әкесі жанжал қалай басталғанын айтты

229

Сот отырысы жалғасып жатыр. 

"Балаңның денсаулығын қойып тастайды": Шерзаттың әкесі жанжал қалай басталғанын айтты Фото: zhogargy sot

Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтан сотта жауап алу басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Дүкенге Дархан Әскентай келді. Екеуміздің арамызда ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ. Ол сыра сұрады. Мен оған сағат кешкі 11-ден кейін сыра сатпайтынымызды ескерттім. Ол өтініп қоймағаннан кейін мен бердім. Ақша аударды, оны ватсаппен көрсетті. (Дархан) "Қалтаева" деп көрсетті, мен оған соңғы төлем Светланадан түсті дедім. Ол соны түсінген жоқ. Біз есептесіп, ол шығып кетті", - деді Қаржаубай Нұрымов.

Шерзаттың әкесі айыпталушы Дархан Әскентайдың мас болғанын айтты. Сөзінше, күдікті сөйлеген кезде одан ішімдіктің иісі шыққан.

Кейін марқұм Шерзат келген. Ол телефон қуаттандырғышын дүкенде ұмытып кеткен көрінеді.

"Мен телефонды зарядкаға қойып бердім. (...) Дархан шықты, оның артынан балам шықты. Терезе ашық тұратын. Екеуінің қатты дауыста сөйлесіп жатқанын естіп қалдым. Мен шығып үлгергенше балам ұрып жіберді. Мен Дарханды алып кетіп, балаға ескерту жасадым. Дүкенге қайтып айналып кірдім де, Дарханнан кешірім сұрадым. (...) "Жүр, ауруханаға апарайын сені" деп айттым. "Ақыңды төлеп берейін" дедім. "Жездеңді танимын, соған звондайын" дедім. Жездесіне звондап едім, ол телефонын алмай қойды. Сонымен ол әрі қарай кеткендей болды. Ол "Кешірмеймін, балаларды шақырамын" деді. "Балаң жауап береді, оның денсаулығын қойып тастайды", - деді марқұмның әкесі.

Кейін Қаржаубай Нұрымов марқұм інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты дүкенге шақырған.

"Марқұм бауырым да қолдан келгенше Дарханға жағдайды түсіндіріп, одан кешірім сұрады", - деді ол.

Мемлекеттік айыптаушы "Дархан ол уақытта не істеді?" деп сұрады.

"Телефонмен жан-жаққа звондап жатты. Біреулерді шақырып жатты. Кейін анық естігенім, Нұрболды шақырды", - деді Қаржаубай Нұрымов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу