Тәрбиеші баланы дұрыс орындамаған тапсырмасы үшін ұрып-соққан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бейнебақылауға жазылып қалған бұл жағдайды баланың анасы әлеуметтік желіде жариялады.
Видеодан 2 ересек адамның бақылауымен тапсырма орындап отырғанын байқау қиын емес. Олардың бірі ашуға бой алдырып, баланың дәптерін қайта-қайта түртіп, қолы мен иығынан ұрған.
Баланың анасы келеңсіз оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді.
– Балабақшада жағдай мені қатты алаңдатты. Тәрбиеші балама қол көтерген. Ата-ана ретінде бұл – мен үшін мүлде қабылдауға болмайтын, қорқынышты жағдай. Балалар қауіпсіз ортада болып, қамқорлық пен қолдауды сезінуі керек, қорқыныш емес. Мұндай жайттар назардан тыс қалмауы керек, – дейді ол.
Қалалық білім бөлімі аталған дерек бойынша жедел тексеру жұмыстарын бастап отыр.
– Оқиғаның мән-жайын жан-жақты, объективті әрі толық анықтау мақсатында қызметтік тексеріс жүргізілуде. Тергеу барысында қажетті ұйымдастырушылық шаралар қабылданды. Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданады, – делінген ресми хабарламада.
Баланы ұрып-соққан 36 жастағы балабақша тәрбиешісі полиция бөлімшесіне жеткізілді. Құқық қорғау органдарында қос тарап, яғни видеоны жариялаған ана мен тәрбиеші кездескен.
Полиция бөлімшесінде баланың анасы арыз жазудан бас тартса да, тәртіп сақшылары бұл деректі назардан тыс қалдырмады.
– Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.