Қазіргі уақытта біршама білім беру ұйымында қоңырау соғу орнын қазақтың күмбірлеген күйі басты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шынын айтқанда, мұның өзі – идеология. Балаға тек білім мен тәрбие беру аздық етеді, оған бағыт-бағдар бере отырып, үлгі-өнеге болған артық етпейді.
Бүгінде Қазақстан мектептерінде оқушылар бойында патриоттық рухты қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр деуге болады. Мысалы, бір ғана "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубтары ел көлемінде кең етек жайып келеді. Бұл ұйым арқылы оқушылар саптық дайындық, алғашқы медициналық көмек, төтенше жағдайда әрекет ету сияқты дағдыларды меңгереді, елге, жерге деген жанашырлығы қалыптаса түседі.
Қазақстанның көп өңірінде "Менің Отаным – Қазақстан" атты ашық сабақтар, тәрбие сағаттары, Ту көтеру салтанаттары жиі өтіп тұрады. "Жас Ұлан" ұйымы волонтерлік бағыттағы жұмыстарын жалғастыра түседі. Оқушылар табиғатты қорғау, Соғыс ардагерлеріне, жалғыз тұратын қарияларға қамқорлық көрсету секілді игі іс-шараларда бас қосады.
Сондай-ақ, мектеп қабырғасында Тәуелсіздік күні, Жеңіс күні сынды атаулы даталарда патриотизм эссе байқаулары, пікірсайыстар, әндер фестивалі дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Бұл кішкентай да болса, жас буынның елге, жерге деген шынайы сүйіспеншілігін оятады, қызығушылығын арттырады.