Баланың күюіне қатысты 6 медициналық қызметкер жазаланды

1260

Аталған факті бойынша 2 медбике жұмыстан шығарылды, бас медбике қызметінен алынды, бас дәрігердің орынбасары мен емдеуші дәрігерге қатаң сөгіс жарияланды. 

Баланың күюіне қатысты 6 медициналық қызметкер жазаланды

Шымкент қаласында күйіп қалған балаға қатысты жауапты қызметкерлерге қатаң шара қолданылды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитеті  Шымкент қаласында 2 сәуірде клизмадан кейін күйіп қалған балаға байланысты  тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен  жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру барысында тиісті рұқсаты жоқ инфекционист-дәрігер клиникалық қызмет көрсеткендігін, процедураны тәжірибесіз медбике жасағандықтан, клизма жасау тәртібі бұзылғандығын анықтаған. Ал аурухананың жауапты қызметкерлері медициналық процедурасының дұрыс атқарылуын қадағаламаған.

"Аталған факті бойынша 2 медбике жұмыстан шығарылды, бас медбике қызметінен алынды, бас дәрігердің орынбасары мен емдеуші дәрігерге қатаң сөгіс жарияланды. Бұдан бөлек, Шымкенттегі қалалық инфекциялық аурухананың бас дәрігеріне әкімшілік жаза ретінде 45 АЕК көлемінде айыппұл салынды", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, тексерістің қорытыдысы бойынша материалдар,  процессуалдық шешім шығару үшін  құқық қорғау органдарына жіберілген.

Еске сала кетсек, Шымкентте қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының медбикелері ем қабылдап жатқан 10 айлық баланың тікішегіне ыстық су жіберіп, күйдіріп алған болатын.

3 сәуір күні бала санитарлық авиациа көмегімен Шымкенттегі инфекциялық ауруханадан Алматы қаласындағы Педиатрия  және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілді. 

"Қазір баланың жағдайы ауыр емес, тұрақты. Оң жақ жамбасы мен тікішегінің күйгені анықталды. Бала консервативті ем қабылдауда. Мамандардың айтуынша, науқастың емінде оң нәтиже байқалады", – деп хабар таратты ДСМ баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу