"Баланың қырқына дейін үндемей отырдық": Күдіктілердің туыстары мәлімдеме жасады

12066

Талғардағы 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты күдікті деп танылғандардың туыстары бейнеүндеу жолдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Баланың қырқына дейін үндемей отырдық": Күдіктілердің туыстары мәлімдеме жасады Фото: Бейнежазбадан

Олар халықтан кешірім сұрап, марқұмның әкесі мен ағасы да жауапқа тартылуы керек екенін айтады.

"Елімізден, халықымыздан кешірім сұраймыз. Балаларымыздың әрекеті үшін. Бірақ әділ болсын. Нұрқанат та (Шерзаттың ағасы), Қаржаубай да (Шерзаттың әкесі) жауапқа тартылсын. Біз соны тілейміз. Екі жақты бірдей қараңыздар", – дейді күдіктілердің туыстары.

Олардың айтуынша, қаруды алғашқы болып Шерзаттың ағасы Нұрқанат алып шыққан.

"Қаруды бірінші Нұрқанат көлігінен алып шыққан. Балаларға қарай оқ атқан. Балалар тыныш тұрған жерінен Шерзат марқұм бір баланың жағын сындырды. Ойламаған жерден ұрып жіберген. Өздері мылтық пен пышақ алып шыққан. Содан жігіттер көтеріліп кеткен. Кешірім сұраймыз балаларымыз үшін. Біздікі дұрыс емес. Бірақ балаларды арандатпаса барлығы тыныш шешіліп, барлығы үйіне кететін еді. Олар Шерзатты өлтіреміз деп барған жоқ", – дейді бейнеүндеу жолдаған әйел.

Күдіктілердің туыстары барлығына Дархан есімді жігіттің кінәлі екенін жеткізді. Оқиға орнына жігіттерді Дархан деген жігіт жинаған көрінеді.

"Кафеде өз бетімен отырған балалар. Барлығы бір қоңыраудан басталған. Барлығын Дархан деген бала бастаған, ол жерде Дарханды танымайтын балалар да бар. Ол қазір үндемей отыр. Ол Қаржаубай мен Нұрқанаттың танысы. біз де соңына дейін барамыз. Дархан да жауапқа тартылсын. Өйткені бәрін шақырған Дархан", – дейді олар.

Видеоүндеу жасағандар Шерзаттың әкесін халықты дүрліктіріп, жалған ақпарат таратты деп айыптайды.

"Қаржаубай басынан бастап өтірік айтты. Қаржаубай пышақ алып келді ме, жігітше мойындасын. Біз баланың қырқына дейін үндемей отырдық. Қаржаубайды да қамасын. Қаржаубайдың әйелі ме, қарындасы ма Нұрқанат атқан оқтарды жерден теріп алған. Ол да жауапкершілікке тартылсын. Ашық сот болса, бәріне бірдей болсын. Біз соны талап етіміз", – дейді күдіктілердің туыстары.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу