"Баласы қатты ауыратынын айтқан": Астанада әйел әріптестерін алдап, олардан 2 млн теңге алған

100

Сот бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.  

"Баласы қатты ауыратынын айтқан": Астанада әйел әріптестерін алдап, олардан 2 млн теңге алған Фото: ЖИ

Астанада бір жыл бойы әріптестерін алдап келген әйел сотталды. Ол анасының қайтыс болғаны және баласының ауыр жағдайда екені туралы ойдан шығарылған әңгімелер айтып, 2 миллион теңге ақша алған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астана қаласы Байқоңыр ауданының прокуратурасы алаяқтық туралы қылмыстық ісі бойынша мемлекеттік айыптауды қолдады.

"Сотталған әйел декреттік демалыста бола отырып, бір жыл бойы өзінің әріптестерін жүйелі түрде жаңылыстырған. Ол отбасында қайғылы оқиғалар болды деген желеумен, оның ішінде анасының қайтыс болуы және баласының ауыр хәлде екендігі жөнінде көрінеу жалған мәліметтер хабарлаған. Сол арқылы олардың жанашырлық сезімін тудырған", – деп хабарлады қалалық прокуратура.

Әріптестері оның сөздеріне сеніп, отбасылық мәселелерді шешуге және баланы емдеуге ақша қаражатын аударып отырған. Қылмыстық әрекеттердің салдарынан жәбірленушілерге 2 млн теңгеден астам сомаға шығын келтірілген.

Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде әйелдің кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, келтірілген залалды ішінара өтеуін ескерді. Сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілене отырып, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу