Баласын дұрыс бақпаған ата-аналарға да айыппұл салынады

1324

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова ата-аналарды жазалауға қатысты түсініктеме берді. 

Баласын дұрыс бақпаған ата-аналарға да айыппұл салынады

Министрдің айтуынша, тек 6 жасар баласын мектепке бермегенде ғана емес, басқа да жағдайда қазақстандықтарға айыппұл төлеуге тура келмек. Өйткені балаларын тәрбиелеу және оқыту бойынша міндеттемесін орындамаған ата-аналарға немесе олардың басқа да заңды өкілдеріне жауапкершілік қарастырылған екен. Оның арасында өз баласын 6 жасқа толса да мектепке бермеу, баласының сабақтарға көп қатыспауы бар.

Бірақ БҒМ басшысы оқушы баласы "мектепке кеттім" деп шығып, шынында басқа жақта қаңғырып жүрсе, осы үшін қазақстандықтардың барлығын жаппай жазаламауға, әр жағдайға жеке қарауға уәде етті.

"Балаларын мектепке апармайтын ата-аналарға айыппұл салуға келсек, өкінішке қарай, мұндай проблема бар. Ол тек алты жастағы балаларға ғана емес, мектептегі оқушыларға да қатысты. Бірақ айыппұл барлығына бірдей салынбайды, ол жекелеген жағдайларда қолданылады", – деді Күләш Шәмшидинова.

Ол "Білім туралы" жаңа заңда мектептегі оқу 6 жастан басталатыны туралы нақты жазылғанына сілтеме жасады.

"Сондықтан ата-ана 6 жасқа толған баласын мектепке бергені жөн. Әрине, біз әр баланың өз ерекшелігі бар екенін білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, ата-ана өз баласының қаншалықты мектепке баруға дайын екеніне де назар аударуға тиіс. Бірақ бұл дайын емес деп, ата-ана өз бетінше және өз қалауынша баласын оқуға бермеуіне болады деген сөз емес. Білім және ғылым министрлігі бұл жағдайға мониторинг жүргізетін болады", – деп екіұштылау жауап қайырды министр журналистердің сұрағына.

Ол осы талаптың ендірілуі салдарынан балабақшалар да қиын жағдайда қалғанын мойындады, себебі, балабақшалар да ересектер топтарында балдырғандарды мектепке дейін дайындаумен айналысады. Қазір БҒМ осы тұйықтан шығар заңнамалық жолдарды іздеп жатқан көрінеді.

"Егер бала мектепке дейінгі дайындықты 5 жас 8 айға толғанша бастаса, ол осы бағдарламаны балабақшада бітіріп шығуға тиіс. Әйткенмен, ертең тексерушілер: "неге жасы 6-ға толған балалар балабақшада жүр?" деп айыптауы ықтимал. Сол себепті, біз бұл мәселені шешудің заңнамалық жолдарын іздеудеміз", – деді министр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу