Митингіге баласымен барғандарға 252 500 теңге айыппұл салынуы мүмкін

1129

Елімізде кәмелетке толмаған адамды заңсыз жиындарға тарту үшін қолданылатын жаза күшейтілуі мүмкін.

Митингіге баласымен барғандарға 252 500 теңге айыппұл салынуы мүмкін Фото: sputniknews.kz

Сенат депутаттары қараған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасында осындай түзету енгізілген.  

"Кәмелетке толмаған адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып өткізілетін жиналыстарға, митингілерге, шерулерге, демонстрацияларға және қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделер мен қарсылық білдірудің көрсетілген нысандарында пайдалану – бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді", – делінген заң жобасында.

Аталмыш норма Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 128-бабына 2-бөлік ретінде енгізіліп отыр.

Түсіндірмеде мұндай норманың енгізілуіне азаматтардың санкцияланбаған митингіге кәмелетке толмаған балалармен шығу фактілері бар екені негіз болатыны айтылған.

"...Сол арқылы олар кәмелекет толмағандардың денсаулығының физикалық және психикалық тұрғыдан орнықты дамуына нұқсан келтіреді. Осыған байланысты рұқсат берілмеген акцияларға кәмелекетке толмаған адамдарды тартқаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздеу ұсынылып отыр", – делінген түсіндірмеде.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу