Баласын сынықшыға апарам деп қолынан айырған ата-ана жауапқа тартылмақ

1301

Маңғыстау облысында сынықшыға қаралам деп қолынан айырылған баланың ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін. ҚР білім және министрлігі тиісті органдарға осындай ұсыныспен шыққан, деп жазды inbusiness тілшісі.  

Баласын сынықшыға апарам деп қолынан айырған ата-ана жауапқа тартылмақ

Бұл жөнінде аталған министрліктің вице-министрі Бибігүл Асылова хабарлайды. Оның айтуынша, еліміздің ішкі істер министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігіне жолданған хатта зардап шеккен баланың құқығы мен мүддесі көзделген.

Айта кетейік, Қызылсай ауылындағы 12 жасар баланың велосипедтен құлап, қолын сындырып алғанын, сынықшының дұрыс емдеуінің салдарынан оған операция жасалғанын бұған дейін жазған болатынбыз.

 Бала он күндей қиналып жүрген. Әке-шешесі қолының ұшы қарая бастағанда ғана дәрігерлер көмегіне жүгінген. Жарақаты гангренаға ұласып кеткендіктен ақ халаттылар оның қолын шынтағына дейін кесуге мәжбүр болады.

Соған қарамастан, баланың ата-анасы сынықшыны сотқа бермейтіндерін жариялады. Олардың айтуынша, бұдан бір жыл бұрын дәстүрлі емші турникке асылам деп қолын сындырып алған үлкен баласын емдеп берген. Абдуллаһтың дін жолын ұстанған анасының "Адамның ойлағаны емес, Аллаһтың ойлағаны болады... Ол – оның тағдыры. Сынықшыға бармағанда олай болмас еді, былай болар еді деген әңгімелерді сіздерге айту оңай, әрине. Бірақ, бұл – күпірлік! Себебі, оның бәрі Аллаһтың қалауымен болған жағдай" деген жазбалары көпшіліктің шамына тиді.

Қазіргі күні баланың анасы оған жасанды қол салдыру үшін қаражат жинап жатыр. Белгілі болғандай, мұндай қол протезі 12-16 млн теңге аралығында тұрады.

"Әзірге баланың қолы ісіп тұр. Ісігі кеткесін тамыз айында примеркаға баратын боламыз. Ол жақта өзінің қолын өлшеп соған қарай дайындап береді. Уайымдамаңыздар, мен барлығын өздеріңізге хабарлап отыратын боламын", - деп жазды ол инстаграм парақшасында.

Дегенмен, баланың қай жақта, қандай клиникаға баратыны әзірге белгісіз.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу