Көрші ел басшысы дінге қатысты заңда бір ғана даулы мәселе бар екенін алға тартады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жапаровтың жазуынша, дінге берік азаматтар аталған заңға қарсылық білдіріп, оны қабылдамауды да сұраған.
– Елімізде дінді ұстанатындар қанша болса, зайырлы көзқарастағы азаматтар да көп екенін ұмытпайық. Олар бейтаныс адамдардың пәтерлер мен үйлерді аралап, есік қағуына қарсы. Халық "бұл уағызшылар кімдер, оларда мүфтияттан, қазияттан немесе хатибияттан куәлік бар ма, олар қандай ұйым немесе қандай бағытты насихаттайды, бұл бағыт дінімізге қайшы келмей ме?" деген сауалдарға жауап алғысы келеді, – деп түсіндірді Қырғыз басшысы.
Садыр Жапаров уағыз айту үшін үйлерді аралау мәселесі заңда дұрыс реттелмегенін жеткізіп отыр.
– Мұндай уағыз таратуға кім рұқсат беретіні, оған кім қатыса алады, қандай білім қажет, кімнің дауат өткізуге құқығы бар, қандай парақшалар немесе кітаптар таратуға рұқсат етілгені және бұл материалдарды кім тексеретіні анықталмаған. Азаматтарымыз отбасын, бала-шағасын қараусыз, күнкөріссіз қалдырып, 3 күн, 40 күн, тіпті 4 айға кетіп қалған жағдайлар да бар. Әуелі отбасыңды аз болса да азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сосын барып дінге шақыру керек емес пе? – деп жазды ол.
Мемлекет басшысы Қырғызстанда теріс ағымдарды насихаттайтын радикалды материалдар мен кітаптарды тарату фактісі жиілеп кеткенін де сөз еткен.
– Егер мүфтият нақты ережелер әзірлеп, осы процесті ретке келтіріп, одан кейін уағыз айтуды жалғастырса, бұл мемлекетіміздің болашағына игі болады, – деді ол.
Қырғызстан халқы 33 ағымға бөлінгені жайлы дерек бар. Елде сот тыйым салған, бірақ жұмыс істеп жатқан ағымдар баршылық. Садыр Жапаровтың сөзінше, бұл ағымдарды ұстанушылар саны күн сайын артпаса, кеміген емес.
– Тыйым салынбаған қозғалыстар түрлі кітап мен брошюраларды таратады. Сондай-ақ, тыйым салынған ағымдар кітаптар, парақшалар мен бейнероликтер таратады. Кейбір жосықсыз ұйымдар азаматтарымызды жасырын түрде теріс ағымдарға тартып жүр. Бұл – болашағымызға қауіп төндіретін аса қауіпті үрдіс. Мұсылман елдерінде, мысалы, Сирияда және басқаларында мұсылмандардың өздері бір-бірімен: "Менің ұйымым дұрыс, ал сіздің ағымыңыз дұрыс емес" деп бір-бірімен соғысатынын көріп отырмыз. Онымен күрес миллиондаған мұсылмандардың қанын төгіп жатыр, – деп түсіндірді ол.
Мемлекет басшысы сөз соңында мүфтият пен дінтанушыларға дін саласын ретке келтіруге ықпал етуді сұрады.