Мұны Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Халық қалаулысының сөзінше, сот орындаушыларының әрекетсіздігіне тиісті шағым – әділет департаменттеріне, палаталар мен соттарға азаматтар мен заңды тұлғалардан келіп түсетін ең көп шағымның бірі.
– Көптеген жыл бойы сот орындаушысы ең алдымен өзіне пайда әкелетін құжаттарды орындауға тырысып, басқа құжаттарға, әсіресе "әлеуметтік сипаттағы" құжаттарға аз уақыт пен күш жұмсайтын үрдіс әлі де жалғасып келеді. Мұндай істер бойынша сот орындаушысы борышкерді іздеуге асықпайды, әңгімелесуге шақырмайды, мүлік пен ақшаны өндіріп алу үшін тексеру және іздеу бойынша шаралар қабылдамайды, тыйым салуды уақытылы қолданбайды, – деді ол баяндамасында.
2024 жылы прокурорлар борышкерлердің алименттерді, жалақыны және мемлекет пайдасына сомаларды орындаудан жалтаруының 6210 фактісін анықтаған. Депутат келтірген деректерден сұмдық статистиканы байқауға болады.
Мысалы:
- 2,6 млрд теңге қарызы бар 1761 борышкер онлайн-казино мен букмекерлік кеңселерде 5,8 млрд теңгеге бәс тігулер жасаған;
- 325 миллион қарызы бар 484 борышкер Қонаев пен Щучинск казиносында 147 миллион жұмсаған;
- 3,3 млрд қарызы бар 2536 борышкер электрондық әмияндардағы 5.1 млрд теңге кірістерін жасырған;
- 130 миллион қарызы бар 72 адам 4 жылжымайтын мүлік объектісі мен 84 автокөлікті әдейі иеліктен шығарған.
Снежанна Имашева жоғарыдағы мысалдарды келтіре отырып, 236 миллион қарызы бар 117 борышкердің өз шоттарынан 2 млрд теңгені еш кедергісіз шешіп алғанын айтады. Сонымен қатар, 210 млн берешегі бар 300 борышкер 55 миллионға бағалы заттарды ломбардқа тапсырыпты. "Осы кезде неге сот орындаушы әрекетсіздік танытты, қайда болды, неге дереу шаралар қабылдамады?" деген заңды сұрақ туындайды" деп сөзін қорытындылады Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы.