Баласына екпе салынғаннан кейін 70 ата-ана шағым түсірген

1359

"СК-Фармация" ЖШС директорының міндетін атқарушы Берік Шәріп бір жасқа дейінгі нәрестелереге салынатын екпеден кейін 70 балада асқыну болғанын мойындады.  

Баласына екпе салынғаннан кейін 70 ата-ана шағым түсірген

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен елдегі екпелердің сапасына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Шараны ұйымдастырушылар әлеуметтік желідегі екпеге қатысты түрлі пікірталас пен алыпқашпа әңгімелерге тоқетер пәтуа айту үшін БАҚ өкілдерін жинаған екен.

"СК-Фармация" ЖШС директорының міндетін атқарушы Берік Шәріп ел аумағында қолданылатын екпелердің бәрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сүзгісінен өткенін айта келіп, бір жасқа дейінгі нәрестелереге салынатын екпеден кейін 70 балада асқыну болғанын мойындады.

"Елімізде 20 вакцина мемлекеттік вакциналау күнтізбесіне енгізілген. Әр жылы бір жасқа толмаған 370 мың нәресте екпе алады. Кейінгі жылы соның ішінде 70 асқыну болған. Оның ішінде ағзаға зиян келтіретін асқыну жоқ. Әр адамның ағзасы әр түрлі болғандықтан, екпеге де әр түрлі әсер береді. Сараптау орталықтары мен сапаны бақылайтын комитет өкілдері әрбір асқынуды тіркеп, зерттеді. Ішінде алаңдауға тұратындай асқыну байқалмағанын ресми түрде мәлімдейміз", – деді ол.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының директоры Арнұр Нұртаев аталмыш 70 асқыну ата-аналардың шағымы бойынша тіркелгенін айтады.

"Медицина тілінде біз мұны "сары қағаз" деп атаймыз. Біз айтып отырған 70 "сары қағаз" ата-аналардың шағымы негізінде анықталды. Екпеден кейін баласынан күдікті белгі байқаған ата-аналар дәрігерлерге жүгінген. Әрбір шағым бойынша толыққанды зерттеу жүргізілді", – деді ұлттық орталық басшысы. 

Есімжан Нақтыбайұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу