Баласының еміне халықтан 1,4 млрд теңге жинаған ерлі-зайыптылар сотталды

638

Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты Толқын Тотақановаға жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.

Баласының еміне халықтан 1,4 млрд теңге жинаған ерлі-зайыптылар сотталды Фото: «NewTimes.kz»

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қылмыстық жолмен алынған ақша қаражаттарын заңдастыру және аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактілері бойынша Даулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты үкім жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қалалық сотқа сілтеме жасап.  

Сотпен анықталғандай, 2020-2024 жылдар аралығында Даулет пен Толқын Тотақановтар 2019 жылы дүниеге келген ұлын емдеуге жүйелі түрде ақша жинауды ұйымдастырған. Балаға бірқатар күрделі диагноздар қойылған. Қаражат жинау үшін әлеуметтік желілерде таргеттелген жарнама пайдаланылған. Нәтижесінде Т.-ның және оның анасының есепшоттарына жалпы сомасы шамамен 2,2 млрд теңге қаражат түскен, оның ішінде 1,4 млрд теңге қайырымдылық қаражат ретінде алынған.

Астана қалалық сотының мәліметіне сүйенсек, жиналған қаражаттың айтарлықтай бөлігі баланы емдеуге емес, ерлі-зайыптының жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. 

"Атап айтқанда, қаражаттар төмендегілерге бағытталған. Жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алу: жалпы құны 47 млн теңге болатын екі пәтер; жалпы құны 8 млн теңге болатын жер учаскелері; "LEXUS RX 300" маркалы автокөлік – 28 млн теңге; "Hyundai Santa Fe" маркалы автокөлік – 8,2 млн теңге; "Toyota Camry 75" маркалы автокөлік – 15 млн теңге; "Toyota Land Cruiser Prado 150" маркалы автокөлік. Брендтік тауарлар сатып алу және құмар ойындарға қатысу – 9,7 млн теңге. "Facebook Ads" жарнама платформасының қызметтеріне ақы төлеу – 481 млн теңге. Қарыз міндеттемелерін өтеу – 349,5 млн теңге. Баланың еміне бар болғаны 6,4 млн теңге ғана жұмсалған", – делінген ресми хабарламада.

Сот үкімімен ерлі-зайыптылар кінәлі деп танылды. Олар жазаларды ішінара қосу жолымен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметімен айналысу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Жазаны қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу