Баласының қылмысы үшін ата-анасына әкімшілік шара қолдану ұсынылды

1278

Баласының қылмысы үшін ата-анасына әкімшілік шара қолдану ұсынылды

Парламент сенатының жалпы отырысында депутат Әли Бектаев отбасы құндылықтарын жетілдіру мақсатында үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
"Қазіргі қоғамда отбасы құндылықтарының құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса ақиқат. Бұған дәлел қарттар үйлеріне өткізілген егде адамдардың көбеюі. Әлеуметтік мекемелердегі қарттар саны соңғы 5 жылда 26 пайызға өскен. Өкінішке қарай, олардың 40 пайызының балалары бар, алайда түрлі жағдайға ұшыраған. Ата-анаға деген құрметтің азаюы отбасы құндылықтарының төмендеуінің басы деп айтуға болады", - дейді сенатор.
Оның пайымынша, неке құрған жас отбасылардың арасындағы ажырасудың аса қауіпті деңгейге жеткені де соның салдары. 
"Соңғы бес жылда ажырасулардың саны 4 мыңға артып, 51 775-ті құраған. Бүгінгі таңда жас отбасылардың арасындағы ажырасу деңгейі ауылдық жерлерде 27 пайыз, қалалық жерде 40 пайызға жеткен. Олардың 40 пайызының некесі алғашқы 5 жылда бұзылады екен. Қазіргі үрдістердің себебі тек қана әлеуметтік, экономикалық мәселелер деп айту әбестік болады. Басты себеп -  отбасыдағы тәрбиенің, құндылықтардың құлдырауында. Өкініштісі, баланың тәрбиесі де, оқуы да, денсаулығы да бүгінде тек мектептерге артып қойылған. Баласы бұзақылық немесе қылмыс жасаса да, ата-ана мүлдем жауап бермейді", - деп тоқталды ол. 
Осыдан кейін Әли Бектаев бірқатар ұсыныс енгізді. Бұл ретте елімізде отбасыларды қолдау және отбасы құндылықтарын дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама қабылдау, сонымен қатар отбасы құндылықтарын жан-жақты зерттеу, заманға бейімдеу, өмірге енгізу мақсатында ҚР білім және ғылым министрлігі жанынан арнайы Неке және отбасы ғылыми-зерттеу институтын ашу жөніндегі пікір айтылды. Бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін күшейту мақсатында "Отбасылық өмірдің рухани негіздері" деген арнайы пән әзірлеп, оған лайықты оқулықтар дайындап, мектеп бағдарламасына енгізу ұсынылды.
"Ата-ананың жауапкершілігін арттыру мақсатында ҚР әкімшілік кодексіне бұзақылық немесе қылмыс жасаған жасөспірімдердің әке-шешесіне әкімшілік шара қолдану жөнінде бап енгізуді, отбасының бұзылуын тежеу мақсатында неке бұзуға төленетін баж салығының көлемін жұптарға материалдық тұрғыдан сезілетіндей етіп көбейту ұсынылады", - деді Әли Бектаев.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу