Іле өзенінің қойнауына жайылған су мен еріген қар суы Қоскүмбез ауылына апаратын жолды шайып кетті. Сонымен қатар жайылымдық жерлерге де су жайылған, деп хабарлайды 24.kz.
Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, жағдай жіті бақылауда. Қазір жол жөнделіп, астына қосымша құбырлар төселіп, жағалау нығайтылып жатыр. Жол жиегіне де топырақ пен құм төгілді. Төтенше жағдай қайталанбауы үшін бөгеттер жасалып жатыр.
Алматы облысында су тасқыны болуы мүмкін 56 учаске белгіленген. Онда бүгінге дейін 120-дан астам гидрологиялық бекет орнатылды. Құтқарушылар тау өзендерін тікұшақпен бақылауға алған. Алматы облысында төтенше жағдайдың салдарын жою үшін 230 млн теңге қаралған.
"Су тасқынына байланысты жағдай күрделенген жағдайда арнайы құрылған жасақтарымыз бен азаматтық қорғаныс қызметі дереу әрекет етеді. Оның құрамында 4 мыңға тарта адам, 700-ге жуық техника бар. Сондай-ақ 127 тонна жанар-жағармай мен 4 мың тоннадай инертті материалдар әзір тұр", – дейді облыстық ТЖД бөлім басшысы Мұрат Сыдықов.