ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Қайрат Амангелдіұлы Қамзин Балқаш қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Балқаш қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, жаңа әкімнің кандидатурасын ұсынды. Депутаттар бірауыздан мақұлдады.
Өңір басшысы қаланың жаңа басшылығының алдына міндеттер қойды.
– Сіздерде туризм бойынша үлкен әлеует бар. Соңғы жылдары туристер ағыны артып келеді. Бірақ инфрақұрылымды дамыту қажет, – деді ол.
Қайрат Қамзин мемлекеттік қызметте 2005 жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Техникалық реттеу және метрология Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімінің аппаратында, ҚР Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде жұмыс істеді. Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, Приозерск қаласының әкімі, МСҚБ облыстық басқармасының басшысы болды. 2022 жылдың шілде айынан осы уақытқа дейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасын басқарды.