Қарағанды облысының Балқаш қаласында 18 жас медицина қызметкері қоныс тойын атап өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Баспана ретінде сыйлықты олар қаланың мерейтойы қарсаңында алды. Жаңа пәтерлердің кілттерін дәрігерлерге аймақ басшысы Ерлан Қошанов металлургтер қаласына сапары барысында табыс етті.
"Бұл қаланың 80 жылдығына қарсы өте жақсы сыйлық. Сондай-ақ мен Балқаш қаласының басшылығын да құттықтағым келіп отыр. Себебі сіздерде енді мамандар тапшылығы мәселесі де шешімін тауып жатыр. Енді сіздерде нәрестелерді қарайтын неонатолог маман да бар. Тағы бір қуанышты жайт – біздің аймағымызға басқа облыстарда жас мамандардың ағылып келіп жатқаны. Демек, Балқаш дамып, өркендеп келеді", - деді Ерлан Қошанов құттықтау сөзінде.
Жалпы тәжірибе дәрігері Дилноза Мирхайдарова Балқаш қаласына Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп келген. Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік лицейінің түлегі Балқаш қаласының №1 емханасында жұмыс істейді.
"Мен пәтер алғаныма өте қуаныштымын, - деді Дилноза әріптестерінің атынан алғысын білдіріп. – Балқашта жас дәрігерлерге барлық жағдай жасалуда. Бізге артқан үмітті ақтауға тырысамыз".
Балқаш қаласында дәрігерлерді баспанамен қамту үшін қалалық коммуналдық меншіктен облыстық денсаулық сақтау басқармасына бос тұрған үйдің бір кіреберісі берілген. Оны күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 67,2 млн теңге бөлінген. "Балқаш Жібек жолы" мердігер компаниясы қысқа мерзімде – төрт ай ішінде жөндеу жасап үлгерген.
Жалпы кіреберісте 18 пәтер бар, оның ішінде үшеуден – төрт бөлмелі және екі бөлмелі, 7 – үш бөлмелі, 5 – бір бөлмелі пәтерлер бар. Олардың барлығы еліміздің әр облыстарынан келген жас дәрігерлерге берілді.
2018-ші жылы Балқаш қаласында дәрігерлерді баспанамен қамту үшін тағы 12 пәтер жөнделеді деп жоспарлануда.