Балқаш көлін құтқару жұмысы жалғасады

1196

Балқаш көлін құтқару жұмысы жалғасады

Балқаш көлінің негізгі бөлігі Іле мен Қаратал өзендері десек, көлді құтқарудың басты шаралары да осы өзендердің маңында жүргізілуі қажет. Алматы облысы осы өзендердің арналарын құм-қайраннан тазалау мен түбін тереңдету жұмысына ерекше назар аударып келеді. Бұл Балқаштың тұтас экологиялық жүйесіне оң әсерін тигізіп, су қорын молайтумен қатар флорасы мен фаунасын сақтап қалуға, балық шаруашылығын қайта жандандыруға септігін тигізеді.

Мәселен, Іле өзенінің Балқаш ауданы тұсындағы тармағының 33,4 шақырымын тазартуға биыл 70,7 млн теңге бөлініп отыр. Ал Қаратал өзенінің арнасын тазалау жұмысына арнайы құрылған "Қаратал" мелиоративті-механикаландырылған отряды соңғы 3 жылда өзеннің 27 шақырымын тазалаған.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қанат Дәуренбековтің айуынша, биыл Іле және Қаратал өзендерінің тармақтарын механикалық тазарту жөнінде 4 жоба әзірлеуге облыстық бюджеттен 41,1 млн теңге бөлінген. Қазір 1 жоба жүзеге асырылып, 3-еуі екінші жартыжылдықта орындалады деп жоспарланып отыр.

Көктем шыға "Балқаш" мелиоративті механикаландырылған отряд мамандары Іле өзенінің тармағы саналатын Топар өзенінің бойында тазарту жұмысын бастады. Бұған дейін қамыс пен батпақ қайранға шыланған су Балқашқа жетпегенімен қоса, жайылып, Топар ауылын, ауылдың шабындық жері мен жайылым жерін су басу қаупі туған еді. Арнаны тазалау арқылы бар мәселенің шешімі табылады.

Биыл шілде айының соңына дейін мелиоративті отряд Топар өзенінің 33 шақырымын түгелдей қамтымақ. Бүгінге дейін 27 техника жұмылдырудың арқасында өзеннің 20 шақырымы тазартылған. Бұл жұмыс қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Одан кейін Іле өзенінің басқа да тармақтары тазартылады.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Шаяхметовтің айтуынша, Балқашты құтқаруға бағытталған соңғы жылдардағы жұмыстың нәтижесінде 15 мың шаршы шақырым жайылым жер шаруалардың игілігіне қайтадан қызмет ете бастаған. Оған қоса, Балқаш көліндегі балық аулау деңгейі бірнеше есеге артқан. Жалпы соңғы 12 жылда Іле мен Қаратал өзені аңғарларының 641 шақырымы тазартылды.

Балқашты құтқару – маңызды әрі ауқымды жоба. Мамандар Балқаштың теңдессіз көл екенін, оның су айдынын ғана емес, тұтас экожүйесін сақтаудың маңыздылығын жиі айтады. Сондықтан бұл мәселе облыс басшылығының тұрақты бақылауында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу