Төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері төрт күн бұрын Балқаш көліне балық аулауға кетіп, із-түзсіз жоғалған екі балықшыны іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Олар көлге 24 қыркүйек күні шыққан. Алғашқыда жергілікті тұрғындар өздері іздеген, алайда ешқандай нәтиже болмаған. 25 қыркүйек күні ТЖ департаментіне олардың жоғалғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына ТЖ департаменті жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері жөнелтілді", - деп хабарлады Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекова.
Жоғалған азаматтардың туыстарының мәліметінше, олардың тұрақты түрде балық аулайтын жері Тасарал аралынан оңтүстікке қарай 25 шақырым жерде болған.
"Алғашқы күні теңіз дауылының қатты болуына байланысты іздестіру жұмыстарын толық көлемде жүргізе алмадық. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, үш құтқарушы-сүңгуір мен құтқару катері жұмылдырылды", - деді ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы.