Балқаш көліне экологиялық апат төніп тұрған жоқ – экология министрлігі

1524

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Балқаш көліндегі ықтимал экологиялық апатқа қатысты БАҚ-та жария етілген ақпаратқа түсініктеме берді, деп жазады inbusiness.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Балқаш көліне экологиялық апат төніп тұрған жоқ – экология министрлігі

Вице-министрдің айтуынша, осы мәліметтер шындыққа жанаспайды.

"Соңғы он жылда көл деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341 М белгісінен төмен түспегенін атап өткен жөн. Ғалымдар көп жылғы бақылаулар мен зерттеулерге сүйене отырып, Балқаш көлінің толыққанды су объектісі ретінде өмір сүруінің оңтайлы деңгейі БЖ бойынша 341 М белгісі болып табылады деп пайымдайды" - деп мәлімдеді Серік Қожаниязов.

Оның айтуынша, жыл сайын Балқашқа 12 текше метр су құйылса, көлдің тұрақты деңгейде сақталуына кепілдік беріледі. Сонымен бірге, Добын шекара бекетіндегі гидрологиялық деректерді талдау Іле өзенінің орташа ұзақ мерзімді ағыны 2001 жылдан 2020 жылға дейін 13,8 текше метрді құрайтынын көрсетті.

"Осылайша, бүгінгі таңда Арал тағдырының қайталануы Балқаш көліне қауіп төніп тұрған жоқ", - деп атап өтті вице-министр.

Экология министрлігі басшысының орынбасары Қытай Халық Республикасымен су бөлу жөніндегі келіссөздер процесінде қазақстандық тараптың ұстанымы Іле өзенінің ағынын кемінде 12 текше метр көлемінде ұстап тұру екенін мәлімдеді.

"Біздің еліміздің ұстанымы су бөлу кезінде экожүйенің мүдделерін ескеру болып табылады. Осыған байланысты, Қазақстан тарапы Балқаш көлін Іле өзенінің негізгі су тұтынушыларының бірі ретінде көрсетеді. Біз Балқаш көлі өзен ағысының көлеміне байланысты екенін айтудан жалықпаймыз", - деді Серік Қожаниязов.

Сонымен қатар, вице-министр Қытай тарапы да өзінің шекарасына жақын аумақта экологиялық апаттың орын алуын қаламайды деген болжам айтты.

"Бұған 2019 жылдың қазан айында Бейжіңде өткен Бірлескен комиссияның 17-ші отырысында Қытай тарапы трансшекаралық өзендерді су бөлу туралы келісім жобасын талқылау кезінде Тараптардың экожүйелерін дамыту мен сақтау мүдделерін ескеруге келіскендігі дәлел. Бұл Балқаш көлінің экологиялық жағдайы үшін өте маңызды", - деп хабарлады Серік Қожаниязов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу