Шашубай кентінің тұрғындары бұл жерге қорғасын өндіретін зауытты қытайлық кәсіпкер салайын деп жатыр деп наразы болуда. Тұрғындардың бірі Шашубайдағы Балқаш көліне жақын жердегі нысан ішінде қорғасын ұнтақтарының қаптарға салынып тұрғанын бейнежазбаға түсіріп алған.
Айтуларынша бұл жерге қаупітігі жоғары қорғасын ұнтағы жеткізіледі, әрі мұнда қытайлық кәсіпкер қорғасын өндірісі үшін зауыт салмақшы. Желі қолданушысы Назым Жазылбекова осы бейнежазбаны таратып, Балқаш көліне жақын жерде қорғасын ұнтағын жинап отырған мекеме жайындағы мәселе көтерді.
"Өзім Балқаш қаласында туғанмын, қаланың тағдыры, адамдардың қауіпсіздігіне бей-жай қарай алмаймын. Балқаш көлінің жағасына жақын орналасқан Шашубай кентінің шетіне бір кәсіпкер нысан ашып алған. Бұл ғимаратқа Балқаш түсті металл зауытынан қорғасын жеткізіледі екен. Балқаш көлінің жағасына, қытайлық кәсіпкер қорғасын мен күшән ( мышьяк) өндірісі бойынша зауыт ашу үшін қорғасынның шаңын жеткізді, бұл өте қауіпті қоспа болып табылады. Сонда осындай қауіпті заттарды көлдің жанына әкеп жатқанда ешкім ештеңе айтпайды. Жергілікті билік бизнеске мораторий болғандықтан аузымызды аша алмаймыз деп отыр. Балқаш зауытының қалдығы көлдің жағасына жеткізілуде, бұл экологиялық апат болады деген сөз. Сонда осы кентте тұратын халықтың денсаулығын ешкім ойламағаны ма?", – дейді Назым Жазылбекова.
Ал билік болса әдеттегідей "заң бұзушылық жоқ" деп самарқау кейіп танытуда. Шын мәнісінде Шашубай кентінің жанындағы "КазЗолота" бұрынғы кен өндіру кәсіпорынның нысанына Балқаштағы "ҚазақМыс" корпорациясынан қорғасын ұнтағы тасымалданып осы жерде сақталуда. Мұнда қорғасын ұнтағын Алматылық компания тасымалдайды екен.
"2021 жылдың мамыр айында бұл нысан арнайы зертханалық тексерістен өтті және ешқандай зиянды зат анықталмады. Кәсіпорын басшыларының қолында жұмыс жүргізуге арналған рұқсат етілген құжаттары бар. Бұл жерде зауыт ашылмайды тек қорғасын ұнтағы арнайы қаптарға салынып, жабық ғимарат ішінде сақталады. Кейін бұл өнімдер Семейге жіберіледі. Осы мәселе бойынша барлық құжаттар көшірмесін ұсынып аудан әкімі облыстық прокуратураға хат жолдады", деп мәлімдеді Ақтоғай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Әзірге облыстық прокуратура бұл мәселеге қатысты хатқа жауап қайтарған жоқ.
Арайлым Еркебаева