Балқашта көпқабатты үйден өрт шығып, көрші пәтерлер аман қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қарағанды облысының Балқаш қаласында көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерден өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Бөкейханов көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатында болған.
Өрт салдарынан үй жиһаздары, тұрмыстық техника, терезе және есік блоктары, сондай-ақ балконның ағаш құрылымдары жанып, тілсіз жау 30 шаршы метр аумақты шарпыған.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілердің үйлесімді әрекетінің арқасында жалынның көрші пәтерлерге таралуына жол берілмеді. Өрт қысқа мерзімде толық сөндірілді.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына балконда темекі шегу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болған.