Балқашта мектеп оқушылары үшін екі арнайы автобус жолға шығады. Олар балалардың оқу орындарына уақытылы жеткізілуін және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz Қарағанды облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Мектеп бағыттарын іске қосу туралы шешімді қала басшылығы тұрғындардың үнемі толық болатын қалалық автобустарға қатысты шағымдарының артуына байланысты қабылдады.
– Оқу жылы басталғалы әлеуметтік желілерде балаларға арналған маршруттарды қалай жақсартуға болады деген сауалдар көп болды. Ата-аналар автобустарда орын болмайтының, оларды көп күтуге тура келетінін айтып шағымданды. 9, 10 және "Самал" ықшам аудандарында үйлер салынып, жалға беріліп жатыр, алайда халық санының артуына байланысты қоғамдық көлікпен қатынау қиындайтыны ескерілмейді, – дейді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Автобустар сағат 07:00-де "Простоквашино" шағын ауданы мен Рабочий ауылынан қаланың тұрғын аудандарын аралап, балаларды мектепке жеткізеді. Олар екінші ауысымдағы оқушыларды сол аудандарда сағат 13:10-дан бастап жинай бастайды.