Шараға Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Әлім Ибраев, Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Руслан Қоңыров, Балқаш қаласының әкімі Қайрат Қамзин, Қарулы күштердің ардагерлері мен "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты, деп жазады inbusiness.kz.
Оқу орталығының тарихы 1938 жылғы 17 ақпанда Белоруссияның Быхов қаласында авиациялық барлау полкі құрылған кезден басталады. Соғыстан соң ол Қазақ КСР аумағына, Балқаш қаласына көшірілді. Әскери бөлімнің ұшқыштары Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына да қатысты. 1992 жылы Одақ ыдырағаннан кейін Президент Жарлығымен Қазақстан Қарулы күштерінің құрамына кірді.
"2008 жылдан бастап біздің оқу орталығы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты мен ҰҚШҰ елдерінің курсанттарын практикалық даярлаумен айналысып келеді. Осы жылдар ішінде мұнда майдандық, әскери-көліктік және армиялық авиацияның 150-ден астам ұшқышы дайындалды", – деп нақтылады оқу-авиация орталығының командирі полковник Азамат Асанов.
Қайта жаңғыртудан кейін оқу орталығының әскери аэродромы әскери және азаматтық мақсаттағы әуе кемелерінің кез келген түрін қабылдай алатын болды. 2021 жылдан бастап орталыққа Чехияда шығарылған L-39 жаңартылған оқу-жауынгерлік ұшақтары келіп түсті. Олардың айрықша ерекшелігі – қазіргі заманғы әуе кемелерінің барлық түрлерінде қолданылатын авионикасында. Мұның бәрі күндіз де, түнде де күрделі және қарапайым метеожағдайларда оқу-жаттығу ұшуларын орындайтын ұшқыштарды сапалы даярлауға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жеке құрамды мерейтойлық күнімен құттықтаған полковник Азамат Асанов авиациялық орталықтың ардагерлеріне ерекше алғысын жеткізіп, төсбелгілер мен естелік кәдесыйлар табыс етті. Іс-шара әскери бөлімнің көркем өнерпаздары дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.