Қазақстан Ұлттық Банкі 2023 жылғы 3 ақпаннан бастап "Қазақстанның флорасы мен фаунасы" сериясынан BALQASH ALABUǴASY коллекциялық монеталарын айналымға шығарады,
Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты қосымша ақпарат ҚҰБ ресми сайтында жарияланады.
Балқаш көлі – Қазақстандағы ең алып көлдердің бірі және көлемі жағынан әлемде 15-орында тұр. Тұзды және тұщы бөліктен тұратын табиғи су тоғаны ретінде әлемде жалғыз саналады.
Балқаш алабұғасы – көлде кездесетін эндемикалық балықтардың бірі. Ол 5-7 млн жыл бұрын жақын тұқымдасы – кәдімгі өзен алабұғасынан бөлектеніп шыққан. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
BALQASH ALABUǴASY коллекциялық монеталары 2 түрлі дайындалды:
- 3D және аса жоғары бедерлі технология қолданылған, күміс сынамасы – 925/1000, массасы – 100 грамм, диаметрі – 50 мм, номиналы – 1000 теңгелік, таралымы – 500 дана;
- МН 25 мельхиор қоспасынан дайындалған монетаның массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – "рrооf-like", номиналы – 200 теңгелік, таралымы – 20 000 дана.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдана береді. Сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға, ұсақталуға және айырбасталуға тиіс.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.
Балқаш алабұғасының популяциясын сақтау маңыздылығы туралы
Қазақстан теңге сарайының Қазақстанның флорасы мен фаунасына, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен өсімдіктерге арналған монеталарды дайындауда көп жылдық тәжірибесі бар.
"Балқаш алабұғасының жойылып кету проблемасы қоғам алдында біздің планетамызды сақтап қалуға аса жауапкершілікпен қарау мәселесін тағы да көтеріп отыр. Миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан экожүйедегі, тіпті ең кішкентай буыннан айырылу – болашақта жаһандық экологиялық апатқа әкелуі мүмкін", – деп хабарлады бас банк.
Қазақстан Ұлттық Банкі BALQASH ALABUǴASY коллекциялық монетасын шығару арқылы Балқаш алабұғасының жойылып кету және Қазақстанның табиғатына аса ұқыппен қарау проблемасына назар аудартады.
Ұлттық Банктің мамандары дизайн тұжырымдамасын әзірлеу кезінде BALQASH ALABUǴASY монетасында жаңа технологияларды қолдануға шешім қабылдады. Қазақстан теңге сарайы 3D аса жоғары бедер технологиясын қолдана отырып инновациялық шекуді сынақтан өткізді.
Осы сынақтардың арқасында монета өзінің жазық бетінен 17 мм жоғары алабұға басының бедері бар сынақ үлгі алынды. Әлемдегі бір де бір монета сарайы әзірге мұндай нәтижеге жете алған жоқ.
Монета композициясы көркемдік жағынан толық болуы үшін ҚҰБ дизайнерлері балықты тігінен 10 градусқа дейін көлбеу етіп өзгертіп, ультра жоғары бедердегі кескіндерді қосты және Балқаш алабұғасы қабыршағының түрлі-түсті бейнесін сала отырып айнадай жылтыр бетін бедерлі етті.
"Қазақстан теңге сарайының алдына қойылған міндет күрделене түсті. Өйткені бастапқы құралда бір жазықтықты бөлу көзделген еді, оған бедерлене салынған толқын кедергі болды. Бұл міндетті орындап шығу үшін Теңге сарайының мамандары түрлі-түсті бейне сала отырып бедерлі бетін шекуге мүмкіндік берген және дайын бұйымның монета шеку құралынан ажырауына кедергі жасамайтын бірегей тығырық-қалып әзірледі", – деп хабарлады ҰБ.
2023 жылы 3 ақпан күні Берлинде (Германия) қазақстандық BALQASH ALABUǴASY монетасының таныстырылымы өтті. Ұлттық Банк жылдың World Money Fair дүниежүзілік ақша конференциясының Медиа-форумына қатысқан болатын, бұл шара соның аясында өтті.
World Money Fair – 1971 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Еуропадағы ең ірі нумизматикалық көрме. Көрмеге Жапония, Австралия, Италия мен Грекияның монета сарайлары мен орталық банктерінің, сондай-ақ монета шығаратын корпорациялардың өкілдері мен әлем елдерінен барған дилерлер қатысады. Ұлттық Банк WMF көрмесіне 2000 жылдан бері тұрақты қатысып келеді.