"Қазақфильм" киностудиясы еліміздің мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен "Балуан Шолақ" көркем фильмін түсіріп жатыр, деп хабарлайды 24.kz.
Толық метражды фильмнің режиссері – Нұргелді Садығұлов. Ал сценарийін жазушы әрі драматург Дулат Исабеков жазған.
Фильмде атақты балуанның жеке өмірі мен өскен ортасы, әншілік қыры мен қилы тағдыры және еліне деген махаббаты көрініс табады. Қазір Алматы облысы Райымбек ауданы Кеген ауылында туындының негізгі көріністері түсіріліп жатыр. Кинотуындының режиссері Нұргелді Садығұлов атақты балуан туралы кино түсіруді көптен бері армандағанын айтады.
Режиссер фильмнің бас кейіпкері - Балуан Шолақтың рөліне актерді көп іздеген. Кастингке кәсіби актерлермен қатар спортшылар да қатысқан. Олардың біреулерінің бет-әлпеті, дене бітімі сәйкес келмесе, ендігі біреулерінің аңыз адамның образына кіруде шеберліктері жетіспей жатты. Көп сынақтардан соң Балуан Шолақтың рөліне актер Еркебұлан Дайыров бекітілген. Балуанның образына сәйкес келуі үшін актер күрестен дәріс алып, он килограмм салмақ қосқан.