Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Дулат Исабековтің сценарийі негізінде Балуан Шолақ туралы толықметражды көркем фильм түсірмек, деп хабарлайды киностудияның баспасөз қызметі.
Киносценарий Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған "Жаужүрек" пьесасының желісімен жазылған.
Қазір түсірілім тобы толықтай жасақталған. Дайындық кезеңінде тұрған түсірілім фильмге қажетті киімдерді тігіп, реквизиттер әзірлеп, декорациялар түрғызып жатыр. Фильмнің түсірілімі Алматы облысы және Солтүстік Қазақстан облысында өтеді.
"Мен Балуан Шолақ тұлғасына 1998 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүргенімде қатты қызықтым. Сол кезден бастап осы кісі жайлы фильм түсіргім келді. Балуан Шолақтың бойында ақындық, серілік, әншілік және алып қара күш те бар. Оның еліне, жеріне, отанға деген махаббаты әрқайсымызға үлгі боларлық. Менің ойымша бүгінгінің жастары Балуан Шолақтай ерді білуі тиіс", – дейді фильмнің режиссері Нұргелді Садығұлов.
Фильмнің сценариі бірнеше жыл бойы жазылған және қайта өңделген. Түсірілім тобы фильмді сапалы шығару мақсатында кеңесшілер тартқан. Олардың қатарында: көркемдік жетекшісі С.Нарымбетов, көркемдік кеңесшілері Е.Төлеутай, Б.Ыстыбаев, Б.Беделхандар бар.
Фильмге танымал актерлермен қатар экранға алғаш шығып жатқан актерлер де түседі. Фильмнің режиссері әзірге фильмге түсетін актерлердің есімдерін атаудан бас тартып, қысқа қайырды.
"Актерлер іріктелді. Алайда бас кейіпкерді әзір айта алмаймын. Себебі екі актердің арасында таңдау жүріп жатыр", – дейді ол.