Балық аулау мұң болды – балықшылар

392

Атыраулық балықшылар күзгі маусымға берілген лимитті орындай алмай қалуы мүмкін.

Балық аулау мұң болды – балықшылар Фото: zhaikpress.kz

Қазірдің өзінде су маржанының 10 пайызы ғана игеріліпті. Бұған теңіз табанының таяздығы себеп. Каспийдің Жайыққа құяр сағасына түптереңдету жүргізілмесе, балық аулау қиындайды дейді мамандар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын балық бизнесімен күн көріп отырғандар тәулігіне тонна-тонна су маржанын тапсыратын. Қазір таң ата Жайықты жағалай теңізге аттанса да, қармақтарына түскен олжа 40 келіден аспайды. Бос келетін күндері де жиі болады.

"50 километрге барып келгендегі шығыныңды ақтамайды. Балық жоқ қазір. Балық енді алға қарай болмаса, қайдан білейін. Бұйырғанын көрерміз. Теңіздің суы 15-20 сантиметр, таяз. Ауыздан шығу қиын", - дейді балықшы Сейілхан Жұмағазиев.

Кооператив қызметкерлерінің шырылдайтындай жөні бар. Дәл осы теңіз табанының таяздығынан балық бизнесіне кедергі көп. Мұндай проблема өткен жылы да болды. Бірақ биыл тіптен қиын дейді.

"Қайық өте алмайды, тап тайыз. Балықтың жағдайы шамалы. Балық жоқ. Судың тартылып кетуіне байланысты бәрі. Қайық өте алмай жатыр. Итеріп өтеміз", - дейді балықшы Жасталап Құспанов.

Өткір мәселе сан мәрте көтерілген. Әкімдіктегілер де бұдан хабардар. Түптереңдету жұмысын бастау үшін жобалық сметалық құжат жасағандарын айтады. Ұзындығы 13,6, ені 40 шақырым болатын аумақтың түбін 3 метрге дейін қазбақшы.

"Бұл жұмыстар негізінде президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес Жайықтың түбін тереңдету жұмыстары атқарылатын болады. Бұл жерде резервтен бөлінетін қаржыға сәйкес конкурс жұмыстары емес, атқарылатын компаниялармен келісім шарт жасақталатын болады. Шамамен 16 млрд теңгедей қаржы керек", - дейді Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдарбек Зиноллаев.

Қазір облыста балық бизнесінен 19 кооператив күн көріп отыр. Онда 4 мыңға жуық адам еңбек етеді. Күзгі маусымның өзіне Жайық өзенінен 4200, Каспий теңізінен 7200 тонна балық аулауға лимит бөлінген. Бірақ ол жоспар орындалмай қалуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу