Балық шаруашылығын дамытуға өзен суының тартылуы кедергі болып отыр

941

Атырау облысында балық шаруашылығының дамуына Жайық пен Қиғаш өзендерінің су деңгейінің төмендігі кедергі болып отыр. Соңғы жылдары өзендердің сағасы, яғни, теңізге құятын жері таянданып кеткен. Жақында өлшеу кезінде тереңдігі 45-60 см құрайтынын көрсеткен.

Балық шаруашылығын дамытуға өзен суының тартылуы кедергі болып отыр

Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы бұл өте төмен екенін айтады.

– Бір метрге де жетпейді. Теңізде балық аулаумен айналысатын балық шаруашылығы субъектілерінің кемелері күзде және көктемгі балық аулау маусымдарында теңізге өте алмай тұрып қалып жатады. Бұл оларды шығынға батырып отыр, – дейді А. Сәдібекұлы. 

Бүгінде Атырау облысында кәсіпшілік балық аулаумен 19 балық шаруашылығы кәсіпорны айналысады. Биыл кәсіпшілік көктемгі балық аулау маусымы Қиғаш өзенінде 17 ақпаннан, ал Жайық өзенінде 9 наурыздан басталды. 

Ақпан-наурыз айларында Жайық-Каспий бассейнінде 1 100 тонна жуық балық ауланды. Ауа райы қолайлы болса, мамыр айына дейін Жайық-Каспий бассейнінде 11-12 мың тонна балық ауланады деген жоспарланып отыр.

Ақпан-наурыз айларында 1 092 тонна балық, 123 тонна балық өнімдері және 20 тонна балық уылдырығы Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Израиль елдеріне экспортталды.

Былтыр Жайық-Каспий бассейнінде көктемгі және күзгі балық аулау маусымдарында 15 052 тонна балық ауланған. Соның 9 019 тонна балық және балық өнімдері Ресей Федерациясы, Украина, Әзірбайжан, Израиль, Грузия, Өзбекстан және Румыния елдеріне экспортталды. Ал 5 539 тоннасы Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Орал қалаларына сатылған.  

Еске салсақ, қазір 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында "Бекіре-2022" кең ауқымды балық қорғау акциясы өтіп жатыр. Акция аясында бүгінге дейін 214 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 23 қылмыстық іс қозғалған. Барлығы 4,3 млн теңге айыппұл салынған.

Заңсыз айналымнан 10 тонна 614 кг балық алынған. Оның 772 кг бекіре тұқымдас балық түрлерін құрайды. Одан бөлек, 115 балық аулау құралы, 51 су көлігі, сондай-ақ, ұзындығы шамамен 30 км 307 заңсыз балық аулау құралы тәркіленген.

Айнұр Сапарова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу