"Мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында 2021 жылғы 29 наурызда Жайық өзенінің "Кіші Дамбы"тартымында "Амангелді атындағы" ӨК-нің балықшылар бригадасы "Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты" РМҚК балықшыларының қатысуымен салмағы 150 кг, ұзындығы 2,4 м қортпа балығының аналығын ұстады",– деп жазылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Қазір қортпа балықтың жағдайы қанағаттанарлық күйде екен.
"Ол Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының тоғанында орналастырылды, балық өсірушілердің үнемі бақылауында",– дейді министрліктен.
Ауланған бекіре тұқымдастардан уылдырық пен шоғал алынып, кейін олар табиғи мекендеу ортасына қайта жіберіледі.
Айта кетсек, Атырау және Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыттары қолдан өсіру арқылы бекіре тұқымдас балық түрлерінің қорларын қалпына келтірумен және өсірілген шабақтарды табиғи мекендеу ортасына шығарумен айналысады. Елімізде басқа Каспий маңы мемлекеттеріндегідей бекіре тұқымдас балықтарды коммерциялық мақсатта аулауға тыйым салынған. Бекіре тұқымдас балықтарды ғылыми мақсаттарға және өсімін молайту мақсатында аулауға жоғарыда аталған екі мемлекеттік балық өсіру зауытына ғана белгілі бір шекке дейін рұқсат бар.