Бананның бабын тапқан бағбан

1265

Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылында тұратын Ерлан Жаппасбаев жылыжайда экзотикалық жеміс түрі саналатын банан өсіреді, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.

Бананның бабын тапқан бағбан Фото: canva.com

Жергілікті кәсіпкер біраз жылдан бері жылыжай шаруашылығын дамытып келеді. Бүгінде жылыжайдан қияр, қызанақ, салат жапырақтарының жайқалып тұрғанын көруге болады. Олардың арасында бананның да бары келушілерді таңғалдырады. Қазір аталған жеміс ағашының биіктігі екі жарым метр болған. Ол 6-7 айда кісі бойындай өседі. Әзірге бұл жеміс ағашынан көшетін сату арқылы пайда тауып отыр.

"Бананды Өзбекстаннан әкелдім. Енді 2 жылда өнім береді деген үмітім бар. Жалпы, бананның жемісін сатқаннан, көшетін сатқан әлдеқайда тиімді секілді. Бір банан жыл сайын 15-20 көшет береді. Оның әр түбін 10-15 мыңнан сатамыз. Тропикалық өсімдік Сыр өңірінің ыстық ауа райында әдемі өседі. Көршілес Түркістан облысында біздегі секілді оған күтім жасала бермейтін секілді. Қызығы, күн қаншалықты ыстық болса, ол соғұрлым жақсы өседі. Бізде банан жылуға тойып, биік бой көтерді. Қазір 5 түп банан ағашым бар. Алғашқы жемісін биыл береді. Әр түптен 20 келіден өнім алуға болады. Негізі, бананның отаны – Оңтүстік-Шығыс Азия. Десек те, банан қазір елдегі тұтынылатын жемістердің арасында 5-орында тұр. Көпшілік бананды жемістер қатарына жатқызады. Алайда, ол – жидек. Әлемдегі ең үлкен банан ағашының биіктігі, орташа есеппен 10 метр, ал диаметрі 50 сантиметрге жетеді. Оның бір сабағында 300 бананға дейін болады. Бұл, шамамен, 500 келіге дейін тартады", - деді ол.

Бағбанның айтуынша, бананның ең бірінші денсаулыққа пайдасы мол көрінеді. Көңіл-күйді реттейтін В6 дәрумені басқа жемістерге қарағанда бананда көп болады. 

"Қызығы, банан диетасы да бар. Алайда оның нәрлілігі картопқа қарағанда бір жарым есеге көп. Егер бананды кептірсе, калориясы 5 есеге дейін өседі. Сондай-ақ оның құрамында калий болады. Ол адамның қалыпты қысымда жүруі үшін өте қажет. Сонымен қатар калий жүрек бұлшық етін қатайтады. Банан сөзін латын тілінен аударғанда "musa sapientum", яғни, "ақылды адамның жемісі" деген мағынаны білдіреді, - дейді бағбан.

Айта кету керек, бұл жемісті ол малдың қиынан алынған биогаз көмегімен жүзеге асырып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу