Бангладеш астанасы Даккадағы Хазрат Шахджалал халықаралық әуежайының жүк терминалында өрт болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Dhaka Tribune газетінің мәліметінше, Бангладештің Азаматтық авиация басқармасының (CAAB) өкілі Каусер Махмудтың айтуынша, өрт негізінен импорттық тауарлар сақталатын жүк терминалында шыққан.
Бангладештің Өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс басқармасының өкілі Талха бин Джасим хабарлағандай, өрт туралы ақпарат жергілікті уақытпен 14:30-да түскен.
Әуежай басшылығы қауіпсіздік шаралары аясында барлық рейстердің уақытша тоқтатылғанын және ұшақтардың ықтимал зақымның алдын алу мақсатында ангарлардан басқа аймақтарға көшірілгенін мәлімдеді.
Өрт салдарынан көптеген келу және ұшу рейстерінің бағыттары өзгертіліп, кейбірі кешіктірілген.