Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Түркістан облысы ПД Түркістан қалалық ПБ-ның көші-қон қызметі полицейлері ҰҚКД-мен бірлесіп, шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының шекарасын заңсыз кесіп өту фактісін анықтады.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласы аумағы арқылы өтетін Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолында Қызылорда қаласына қарай кетіп бара жатқан Hyundai Starex автокөлігі тоқтатылды.
Тәртіп сақшылары құжаттарды тексеру кезінде, Қазақстан Республикасына кіру визалары мен мемлекеттік шекарадан өту туралы белгілері жоқ Бангладеш Халық Республикасының бес азаматын анықтады.
Шетелдік азаматтар оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін Түркістан қалалық ПБ-ға жеткізілді. Қазіргі уақытта жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша ҚР ҰҚК-нің Шекара қызметі департаментіне жолданды.