4 қыркүйек күні жүздеген қазақстандық банкрот мәртебесін алды, деп жазады inbusiness.kz Бірінші кредиттік бюроның Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта олардың саны 302 субъектіні құрайды.
"Берілген өтініштер бойынша берешектің жалпы сомасы банкроттарда шамамен 708,5 млн теңгені құрады. Яғни бір адамға орта есеппен 2,3 млн теңгеден сәл асады дегенді білдіреді", - делінген хабарламада.
Берешектің ең жоғары сомасы 106,5 млн теңгені құраған, бұл өтініш Алматыда берілді. Ал Қарағанды облысында несиелері бойынша берешегі небәрі 48,5 мың теңгені құраған адам банкрот деп танылған.
"Ең көп банкроттар Алматыда. Бұл мәртебені 51 адам иеленді. Одан кейінгі орында Қарағанды (34) және Алматы (24) облыстары орналасты. Республиканың барлық аймағында банкроттар бар екенін атап өткен жөн. Әзірге олардың ең аз саны СҚО (3) мен ШҚО-да (4). Қарыздың ең жоғары орташа сомасы – Батыс Қазақстан облысында. Мұнда көрсеткіш 8 млн теңгені құрайды. Ал берешектің ең төменгі орташа сомасы Түркістан (883 мың теңге) және Абай (998,9 мың теңге) облыстарындағы банкроттарда тіркелді", - деп хабарлады Бірінші кредиттік бюроның Телеграм арнасы.
Банкрот мәртебесін алған қазақстандықтың ең үлкені 64 жаста болса, ең жасы 23-те екен.
Жалпы банкрот мәртебесіне ие болғандардың жартысына жуығы 1983-1991 жылдар аралығында дүниеге келген.
5 қыркүйектегі жағдай бойынша соттан тыс банкроттыққа барлығы 64,6 мың өтініш келіп түскен. Бірақ азаматтардың басым бөлігінің (51,4 мың) өтініші қанағаттандырылмады.