Банкроттық рәсімдері туралы не білу қажет?

1271

Қарыз алушылардың төлем қабілетсіздігін реттеу, оларды оңалту мақсатында Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Заң жобасы әзірленді, ол қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.

Банкроттық рәсімдері туралы не білу қажет?

Аталған Заң жобасы халықаралық тәжірибені ескерумен азаматтар үшін банкроттық рәсімдерінің үш түрін көздейді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Fingramota.kz-ке сілтеме жасап.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық

Азаматтар аталған рәсімді мынадай талаптар сақталған жағдайда қолдана алады:

егер екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және коллекторлар алдындағы қарыз 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаса;
егер ресми табыс болмаса немесе табысы асырауындағыларды (отбасы мүшелерін) қоса алғанда, ең төмен күнкөріс деңгейінен 36 018 теңгеден (2022 жылға) аспаса.

Соттан тыс банкроттықты тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Бұл үшін борышкер кредиторлармен реттеу рәсімін өткізуі қажет. Бұл ретте, борышкердің меншікті мүлкі болмауға тиіс.

Борышкерге қатысты бірінші рәсімді қолдану туралы мәліметтер "электрондық үкіметтің" веб-порталында орналастырылатын болады. Борышкер жөніндегі ақпарат барлық кредиторлар үшін 6 ай бойы қол жетімді болады.

Егер көрсетілген кезең ішінде борышкердің меншігінде мүлік пайда болса немесе оның мүліктік жағдайы өзгеше түрде айтарлықтай өзгерсе, борышкер соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату туралы өтініш жасауға міндетті.

Кредиторға, сондай-ақ уәкілетті органға осындай өтінішпен жүгіну құқығы беріледі.

Екінші рәсім – сот банкроттығы

Бұл рәсімді борышы 4,9 млн теңгеден асатын азаматтар қолдана алады. Борышкердің мүлкі болған жағдайда, ол сауда-саттықта сатылуға жатады. Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борышты өтеуге жіберіледі.

Сот банкроттығы рәсімі аяқталғаннан кейін сот қаржы басқарушысының, яғни төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдерін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаның қорытындысын бекітеді. Сондай-ақ, осы қорытындының негізінде сот азаматты борыштан босату немесе босатпау туралы шешім қабылдайды.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру

Ол тұрақты кіріс болған жағдайда сотта борышты бөліп төлеуді (5 жылға дейін) алу мүмкіндігін көздейді. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен, яғни төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық рәсімдерін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғамен бірлесіп әзірленеді. Бұл жоспар сотта бекітіледі. Ол үшін екі тараптың – борышкер мен кредитордың келісімі қажет.

Білу маңызды! Заң жобасында банкроттықтан кейін туындауы мүмкін салдар қарастырылған:

1) заң жобасында 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу көзделген;

2) азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады;

3) банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу қарастырылған.

Банкроттық туралы заң жобасында тағы нелер қарастырылған?

Заң жобасы борышкерлер жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар мен заңды күшіне енген сот үкімдеріне байланысты қылмыстық іс-әрекетпен келтірілген залалды өтеу борышы бар борышкерлер санатына қолданылмайтын болады.

Бұдан басқа, өзінің қаржылық жағдайы туралы жалған ақпарат ұсынған, өз мүлкі туралы ақпаратты жасырған жеке тұлғаларға, борышкердің қарыз қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісін соттың анықтауы сот үшін борышкерге қатысты банкроттық рәсімін қолданбауға негіз болып табылады.

Сондай-ақ, заң жобасында азаматтардың банкрот деп танылған күннен бастап бір жыл ішінде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан міндетті түрде өтуі көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу