Биыл банкроттықты рәсімдеуге 77106 адам соттан тыс және сот тәртібімен өтініш берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Қаржы министрлігі ұсынған ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытқа дейін:
- 28,4 мың азамат мемлекеттік кірістер органдары арқылы банкрот деп танылды;
- 196 адам сот шешімімен банкрот деп танылған;
- Міндеттемелердің жалпы сомасы – 147,1 млрд теңгені құрады.
"Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін 9,5 млрд теңге сомасына 103 азамат қолданды, оның 8-і бойынша қалпына келтіру жоспарлары бекітілді", – деп жазылған ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, 2023 жылғы 3 наурызда күшіне енген "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Заң аясында жеке тұлғалардың қарыздық міндеттемелерін реттеуге мүмкіндік беретін үш негізгі рәсім енгізілген болатын: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Аталған заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап банкроттыққа өтініш білдірген адамдардың саны өсіп келеді:
- 2024 жылы 83 057 өтініш,
- 2025 жылдың 5 айында – 77 106 өтініш берілді.