Банк активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау жүргізіледі

975

Бағалауға халықаралық сарапшылар тартылған.

Банк активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау жүргізіледі

Үкімет отырысында Ерболат Досаев Ұлттық банк банк секторын қалпына келтіру процесін түпкілікті аяқтау үшін, биылғы жылдың екінші жартысында халықаралық стандарттар бойынша банктер активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау жүргізетінін айтты.

Бағалауға халықаралық сарапшылар тартылған.

"Енгізілген тәуекелге бағдарланған қадағалауды және активтердің сапасын бағалауды ескере отырып, Қазақстанның банк жүйесінің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері іске асырылатын болады", – деп толықтырды ол.

Ерболат Досаев айтып өткендей, жүргізіліп отырған бағам саясатына халықтың және бизнестің сенімін және транспаренттілігін арттыру Ұлттық банк жұмысының негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады.

"Бұл бағытта Ұлттық банк бірқатар шаралар кешенін қабылдады. 2019 жылғы 1 шілдеден бастап KASE Қазақстан қор биржасына сауда күнін ұзарту және қатысушылар үшін сауда-саттықтың қолжетімділігін арттыру мақсатында өтпелі валюталық сессия енгізілді. Шетел валюталарымен сауда-саттық жүргізудің жаңа режимі шетелдік қатысушылар үшін теңгемен есеп айырысулар мүмкіндігін кеңейтеді", – деді ол.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, валюталық интервенцияны қоса алғанда, өткен айда жасалған барлық операциялар туралы ақпарат жария етіледі, базалық мөлшерлемеге қатысты келешектегі іс-қимылдарға және ақша-кредит және валюталық саясат бағыттары туралы белгілерге қатысты бағдарлар беріледі.

"Жүргізіліп отырған бағам саясатына сенімді арттыру үшін валюта нарығындағы ахуал бойынша түсіндіру жұмыстары және нарыққа кәсіби қатысушылармен және халықпен қарым-қатынас жалғасады. Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін жақсарту үшін валюта нарығындағы квазимемлекеттік сектор компаниялары ісқимылының үйлесімін және келісімділігін арттыру шаралары қабылдануда. Шетел валютасын сатып алу көлемі ай сайын келісіледі", – деп хабарлады Ерболат Досаев.

Сөзін қорытындылай келе Ұлттық банк басшысы Халықаралық валюта қорының жуырдағы Қазақстанға миссиясы аясында ақша-кредит саясаты мәселелері бойынша бірқатар нәтижелі кездесулер өткенін атап өтті.

"Біз жүргізіліп отырған бағам саясатына қатысты халықтың және бизнестің сенімін және транспаренттілігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды Президент белгілеген мерзімде ұсынуға дайынбыз", – деп сөзін қорытындылады Досаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу