Банктер әрбір клиент үшін белсенді күреспейді – Президент

727

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейінгі қаржы технологиясы мен инновациясын дамытудың тұжырымдамасын бекітуді тапсырды.

Банктер әрбір клиент үшін белсенді күреспейді – Президент Фото: akorda.kz

Пандемия кезіндегі әлемдік үрдістер мен еліміздегі жағдай қаржы саласына заманауи технологияларды енгізу қажеттігін көрсетті. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке Үкіметпен және "Астана" халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, 2025 жылға дейінгі қаржы технологиясы мен инновациясын дамытудың тұжырымдамасын бекітуді тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Сонымен қатар экономика мен бизнеске белсенді несиелеу бойынша қолдау көрсету – Ұлттық банктің маңызды міндеті. 

"Соңғы үш жылда экономиканы несиелеудің өсімі аса байқалмады. Банктер жұмыс барысында барынша қолайлы және тиімді жағдай ұсына отырып, әрбір клиент үшін белсенді күреспейді. Сонымен қатар қазіргі жағдайда бизнеске қаржы ресурсы қажет және оны жылдам алуы керек. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, экономиканы, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет", – деді Президент Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдау кезінде. 

Мемлекет басшысы Ұлттық банктің жаңа қонысындағы жұмысына табыс тіледі. Президент Ұлттық банктің көшіп келуі елордадағы қаржы секторын күшейтіп, Үкіметпен және "Астана" халықаралық қаржы орталығымен арадағы жұмысының үйлесімділігін арттыратына сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу