Екінші деңгейлі 5 банктің мемлекеттен алған көмекті қайтару мерзімі тым ұзартылып белгіленгенін Ұлттық банк төрағасы айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты
Тимур Сүлейменовтің сөзінше, ол – Ұлттық банктің ақшасы. Әрі бұл – өте нәзік тақырып. Сондықтан, ол мәселенің нәтижесін кейінірек баяндауға уәде берді.
– Шатаспасам, біздегі банктердің балансында 1,4 триллион теңге көлемінде мемлекет көмегі бар. Ол көмектер әр уақытта әртүрлі бағытта берілген. "Бәйтерек" пен "Самұрық-Қазына" өте ұзақ мерзімге және үлкен жеңілдікпен шығарылған облигацияларды сатып алды. Оның бәрі банктер мен өзге ұйымдар арасындағы тиісті келісімдерде көрсетілген. Одан бері көп өзгеріс болды, – деді Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлемеге арналған баспасөз мәслихатында.
Банктерді қолдау олардың дамуына жағымды әсер еткені айдан анық. Мәселе келісімшарт бойынша қарызды қайтару мерзімінің көптігінде болып тұр.
– Банктер теңгерімін айтарлықтай нығайтты, олар қомақты пайда таба бастады. Қисынға салсақ, мемлекеттің көмегі бірте-бірте қайтарылу керек. Келісімшарттарда қайтару мерзімдері тіпті 2040 жылдарға дейін деп те көрсетілген. 2030 жылдар да болуы мүмкін. Бұл дұрыс емес, өзгерту керек шығар. Біз де, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де шаралар ғана қабылдай алады. Бұл жерде ынталандыру шаралары деп атауға болады. Ол шаралар банктерді мемлекеттен алған көмекті қайтаруға ынталандырады, – деді Тимур Сүлейменов.