Жиынға Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қатысты.
Кездесу барысында капитал нарығын дамыту, Бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеу, синдикатталған несиелеуді жетілдіру және инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетіктерін кеңейту мәселелері қаралды.
Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер мен "Бәйтерек" холдингінің бизнесті қаржыландырудағы ынтымақтастығы, кәсіпорындарды қаржылық сауықтыру, салықтық әкімшілендіру және энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаны іске асыру барысы талқыланды.
Кездесу қорытындысында тараптар экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемін ұлғайтып, қаржы нарығын одан әрі дамыту және бизнесті қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.