Банктер неліктен мемлекеттік қаржыны дивиденд ретінде пайдаланбауы керек?

622

2009 жылдан бастап еліміз банк саласын қолдауға 9 триллион теңге жұмсады.

Банктер неліктен мемлекеттік қаржыны дивиденд ретінде пайдаланбауы  керек?

Соңғы уақытта мемлекет көмек ретінде берген қаржыны қайтармастан акционерлерге дивиденд төлеп отырған банк нарығының кей қатысушылары назарға ілігіп отыр. Мәселен, "Жаңа Қазақстан" депутаттар тобы билікке "Жусан банк" дивидендтеріне қатысты сауал жолдаған. Оған мемлекеттік көмек біртіндеп қайтарылады және қазіргі кезде дивидендтер төленіп отырған жоқ, деген жауап қайтқан. 

Алайда, "Жусан банк" қазан айында Қазақстан қор биржасына өтініш жіберіп, желтоқсаннан бастап дивиденд төлейтіні туралы мәлімдеме жасады. Мәжіліс депутаты Қанат Нұров банктің бұл әрекеті оның Үкіметке деген немқұрайлығын танытады деген ойда. Бірнеше мәрте көтерілген мәселе ақыры Президентке жеткеннен кейін шешімін тапты. 

"Мәселе берілген қаржының мөлшерінде емес, оның заңдылығында. "Жусан банк" өз құқығын теріс пайдаланып отыр. Заң жағынан алғанда бәрі дұрыс, бірақ сенің негізгі капиталың мемлекет берген қаржыдан бола тұра, қалай оны акционерлер пайдасына жұмсайсың? Сондықтан бұл барып тұрған бассыздық, әділетсіздік деп ойлаймын", ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қанат Нұров.

Экономистердің сөзінше, "Жусан банк" 2019-2020 жылдары мемлекеттен 530 миллиард теңге алған. Барлық мәселе 1,5 миллиард теңге мемлекет қаржысы жұмсалған Цеснабанк дәуірінен басталады. Ол Жусан банктың қол астына тегін өткен. АТФ банк те нарықтан кетпес бұрын 174 миллиард теңге болатын мемлекет қолдауына ие болыпты. 

Деректерге сүйенсек, Жусан банк 2019 жылы акционерлеріне 113 миллиард теңге, ал 2020 жылы 114 миллиард теңге дивиденд төлеген. Ал банктерге мемлекет қаржысын дивиденд ретінде пайдалануға тыйым салу туралы заң әлі қабылданған жоқ. Сондықтан сала мамандарының ойынша, реттеуші мемлекет қаржысын біртіндеп қайтарудың жоспарын құруы қажет. 

"Тәуелсіз бағалаушы, аудиторды шақырып, мен атап өткен сандарға аудит жасалуы тиіс. Бұл банк толығымен мемлекет қаржысынан пайда көрді деген шешім шығару керек. Бұл нені білдіреді? Бұл онда жеке тұлғалардың ақшасы салынған жоқ, онда айналымда жүрген мемлекет қаржысы екенін және оны қайтару қажеттігін білдіреді", дейді Экономист Мұрат Темірханов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу