Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи банктердің акционерлері алатын дивидендтерге салық салуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Отандық банктердегі жиынтық сома 55 трлн теңгеге жеткен. Бұл еліміздің екі бюджетінен артық сома. Міне, осы банктер жыл сайын қожайындарына, яғни акционерлеріне миллиардтаған дивиденд төлейді. Ірі акционерлер 100 миллионның үстінде дивиденд алады. Бірақ банктердің осы дивидендтері салық режимінен босатылған", - деді депутат.
Ермұрат Бапи Қазақстанның бюджеті әлеуметтік мақсатқа бағдарланғанын еске салды.
"Ел бюджетінің 53 пайызы әлеуметтік саналады. Ендеше, банкілердің қоғам алдындағы, әлеумет алдындағы жауапкершілігін көтеру мақсатында дивидендке салық салынуы керек деп ойлаймын. Бұл - акционердің жеке таза пайдасы", - деді ол.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет дивидендтер бойынша ұсынысты қарастыруға дайын екенін айтты.
Айтуынша, Үкімет бұл ұсынысты қолдауға әзір.
"Мәселен, 100 млн теңгеге дейін дивидендке – 5 пайыз, 100 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін 10 пайыз аралығында, ал 1 млрд теңгеден астам сомаға 15 пайыз шамасындағы көрсеткіш дегендей", - деді Ұлттық экономика министрі.